Арменияда қазақ-армян бизнес форумы өтуде

325

0

Фото: Kazinform

Ереванда Қазақстан-Армения бизнес форумы өтіп жатыр. Форумның күн тәртібінде Қазақстан мен Армения арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасты, туризм мен логистиканы дамыту мәселелері бар. Бизнес-форумға ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев пен АР Экономика министрі Геворг Папоян, Қазақстанның Армениядағы Елшісі Болат Иманбаев, Арменияның Қазақстандағы Елшісі Армен Гевондян және экономиканың әртүрлі салаларының 150-ден астам өкілдері қатысуда.

Бизнес-форум аясында екіжақты экономикалық қатынастарға жаңа серпін беретін құжаттар пакетіне қол қою жоспарлануда.

Қазақстандық делегация құрамында мұнай-газ, өнеркәсіп, құқықтану, құрылыс, металлургия, көлік және логистика, туризм, кондитерлік өнімдер өндірісінің өкілдері бар.

Бизнес форум үш секцияға бөлінген: сауда-экономикалық ынтымақтастық, логистика, туризм. Секциялар аясында екі тараптың өкілдері Қазақстан мен Армениядағы бизнес ортаның ағымдағы жай-күйін, елдерде бизнес жүргізу үшін бар жағдайлар мен мүмкіндіктерді, Қазақстан мен Армения арасындағы логистиканы дамыту әлеуетін, сондай-ақ екі елге де экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік беретін жаңа бағыттарды дамытуды ұсынды.

«Бүгінгі іс-шара – сауда-экономикалық қатынастарды кеңейтуге, жаңа өзара тиімді экономикалық байланыстарды одан әрі тереңдетуге және орнатуға тамаша мүмкіндік. Екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Арменияға жоспарланып отырған ресми сапары ерекше орын алады. Арменияның Статистика комитетінің мәліметінше, 2023 жылы елдеріміз арасындағы тауар айналымы айтарлықтай өсті – 104 млн доллар, бұл 2022 жылғы көрсеткіштерден 2,4 есе жоғары. Бұл елдеріміздің екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін растайды», – деп атап өтті Арменияның Экономика министрі Геворг Папоян бизнес форумға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде.

Өз кезегінде ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев форумды тарихи деп атап, бүгінде тараптар жаңа мүмкіндіктер – бір-бірінің экономикасын толықтыру ғана емес, сонымен қатар үшінші елдерге экспорттық бағыттарды дамыту туралы айтып жатқанын атап өтті.

«Форумды тарихи деп атауға болады. Бүгін біз Мемлекет басшысының Арменияға ресми сапары қарсаңында осындай аудиторияға жиналдық. Біз үшін Армения – уақыт сынынан өткен сенімді дос. Расында, тауар айналымымыз өсті. Саудамен қатар инвестициялық байланыстар да белсенді дамып келеді. Армениядан Қазақстанға құйылған тікелей инвестиция көлемі шамамен 18,6 млн долларды құрады.Қазақстаннан Арменияға – шамамен 56 млн доллар. Әрине, бұл шек емес. Бүгінде Қазақстанда экономиканың түрлі секторларында Армения капиталының қатысуымен 380-нен астам компания және 72 қазақ-армян бірлескен компания жұмыс істеуде.

Құрылыс және құрылыс материалдарын өндіру сияқты салаларға салынған инвестиция үлкен үміт береді. Біз инфрақұрылым, тұрғын үйлер, әлеуметтік және басқа да нысандарды салуда айтарлықтай құзырет пен тәжірибе жинақтадық. Біздің компаниялар Арменияда осындай жобаларды жүзеге асыруға үлкен қызығушылық танытуда. Біз өз кезегімізде армян бизнесін ауыл шаруашылығы өнімдерін, әсіресе Қазақстанның батыс аймақтарында өңдеу мүмкіндігін қарастыруға шақырамыз.

Ақтаудағы көліктік-логистикалық қатысуымызды арттыру бізге мультимодальды жеткізуге жаңа мүмкіндік беріп отыр. Ирандық бағытты бірге толық меңгеруіміз керек. Бұл жаңа мүмкіндіктер ашады. Өз тарапымыздан экспортқа бағытталған жобаларды іске асыруға бағытталған ынталандыру шаралары пакетін ұсынамыз. Біз әсіресе қытайлық бағытты атап өтеміз. Армян өнімдері Қытайда өз сатып алушысын табатынына сенімдімін», – деді бизнес форумға қатысушыларға арнаған сөзінде ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.

Бизнес форум барысында екі елдің іскерлік орта және мемлекеттік құрылым өкілдері арасында Қазақстан мен Армения арасындағы екіжақты экономикалық қарым-қатынастарды мазмұнды мазмұнмен толықтыру бойынша мазмұнды келіссөздер жүргізілді.

Форум аясында экономика, сауда және өндіріс салаларындағы екіжақты қарым-қатынастарға қосымша серпін беруге арналған құжаттар пакетіне қол қою жоспарлануда.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<