Мерзімді әскери қызмет кезінде ауыр жарақат алып, екі жарым жылға жуық комада жатқан Ербаян Мұхтар Астанада жер қойнына тапсырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
26 маусымда Астанада мерзімді әскери қызмет кезінде ауыр жарақат алып, ұзақ уақыт комада жатқан Ербаян Мұхтарды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Марқұмды жерлеу және жаназа намазы бүгін таңертең оқылды.
Ербаян Мұхтар 2023 жылдан бері бас-ми жарақатынан кейін өте ауыр жағдайда болды. Ол 23 маусым күні Астанадағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығында көз жұмды.
2023 жылдың желтоқсанында әскери бөлім басшылығы сарбаздың дәретханада құлап, басын кафельге соғып алғанын хабарлаған еді. Алайда марқұмның отбасы бұл нұсқаға күмән келтіріп, оқиғаның мән-жайын жан-жақты тергеуді талап етті.
Содан бері қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеу әлі аяқталмаған, ал күдіктілер анықталмаған.
25 маусымда сенат кулуарында қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев Ербаян Мұхтардың ісі бойынша кінәлі тұлғалар міндетті түрде анықталатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, ұлттық ұлан қолбасшылығы тәртіптік жауапқа тартылады. Тергеудің не себепті ұзаққа созылғаны туралы сұраққа вице-министр істің ішкі істер министрлігінің өндірісінде екенін айтып, қазір әскери прокуратура мен өзге де құзырлы органдардың тексеруге тартылғанын жеткізді.
Еске салайық,мамыр айының соңында оның жағдайы нашарлап, өкпе қабынуына байланысты Астанадағы ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына жатқызылған. Алайда 23 маусым күні кешке Ербаян қайтыс болды. Осыдан кейін марқұмның туыстары дәрігерлердің күтіміне қатысты күмән келтіріп, тыныс алу түтігінің іріңге толғанын және ауруханадағы бақылау камераларының жұмыс істемегенін мәлімдеді. Сондай-ақ олар Ербаянды жасанды тыныс алу аппаратынан ажырату мәселесіне қатысты сұрақ көтеріп, оқиғаның мән-жайын жан-жақты тексеруді талап еткен еді. Ауруханада марқұмның туыстары мен полиция қызметкерлері арасында түсініспеушілік те болған. Кейін Ербаянның отбасы қылмыстық істен бас тартатынын мәлімдеді.






