Асық ойнаған озар

928

0

К.Қаракөзов атындағы №235 орта мектепте «Асық ойыны» үйірмесінің тұсауы кесілді. Шараға облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы Нұрлыбек Мыңжас қатысып, ұлттық ойынды дәріптеу арқылы оқушылардың тарихқа, салт-дәстүрге деген қызығушылығын арттыруға болатынын алға тартты.

– Асық ойнаған азбайды. Ол ептілік пен мергендікке үйретеді. Бауыржан Момышұлы да асықты «үлкен халықтық тәрбие» деп көрсеткен. Техниканың билік құрған дәуірінде ойын баласын дала ойындарына қызықтыру, ұлттық спортқа баулу – заман талабы. Бізде де асықтарын иіріп ойнайтын балғындар саны арта түссе деген ниет басым, – деді Н.Мыңжас.

Ары қарай оқушыларға асықтың тарихы, оның ережелері жайлы мағлұматтар беріліп, «Ұлттық ойындар туралы не білеміз?» тақырыбында викториналық сайыс өткізілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған үйірменің берері көп. Оның үстіне медицина мамандары да асық атудың балалардың көңілін гаджет пен смартфондардан бөліп, физикалық және психологиялық дамуына оң әсер тигізетінін дәлелдеген.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<