Байқоңырдағы Гагарин — Кеңес Армиясының сарбазы жасаған ескерткіш

416

0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

«Байқоңыр» ғарыш кешені тұрғындары мен қонақтары үшін көрнекті орынның бірі — Юрий Гагарин саябағы. Онда әлемдегі алғашқы ғарышкерге ескерткіш орнатылған.

Гагарин ескерткіші 1984 жылдың қарашасында бой көтерген. Оның авторы — қатардағы сарбаз Олег Песоцкий. Ол сол жылдарда Байқоңыр ғарыш айлағында әскери борышын өтеп жүрген еді.

Белгілі болғанындай, О.Песоцкий әскерге дейін институт бітірген және новосібірлік белгілі мүсінші Анатолий Назаровтың шеберханасында тәжірибе жинақтаған еді. Шеберханада ол монументалды мүсіндер жасаумен айналысты.

Саяси бөлім қызметкері Виталий Шаповалов Байқоңыр ғарыш айлағында әскери борышын өтеп жүрген оған Юрий Гагариннің ескерткішін жасау жөніндегі байқауға қатысуға ұсыныс білдірді. Нәтижесінде байқауда Песоцкийдің сызбасы таңдап алынды. 

Сол уақытта Байқоңыр ғарыш айлағының жобалау тобында қызмет атқарған ардагер Ерғазы Нұрғалиев әскери бөлімнің бірінен алты метрлік мүсінді дайындау үшін төбесі биік спортзал табылғанын айтады. Е.Нұрғалиевтің өзі де қаладағы тағы бір танымал ескерткіш «Союз» ракетасының авторы еді.

О. Песоцкий мүсінді әртүрлі жағынан ашу және қарау үшін айналмалы шеңбер жасады. Шеберхананың жанындағы траншеядан оған икемділігі мен түсіне сәйкес келетін сазды тапты. Оған көмектесу үшін сарбаз Игорь Филиппов қасына бөлінді.

Байқоңырдағы Гагарин — Кеңес Армиясының сарбазы жасаған ескерткіш
Фото: Kazinform

Песоцкийдің естелігіне сүйенсек, сазды модельде жұмыс істеу оңай болған жоқ. Саз жеткілікті майлы және тұтқыр емес. Жоғары биіктен еденге үлкен бөліктерімен құлау жағдайы жиі кездесті. 

— Бұл тығырықтан шығудың бір жолы бар еді. Ол үшін фигураны гипспен пішіндеп, оны бірте-бірте төменгі бөлігінен бастау қажет. Одан кейін сазды модельге жабыстырған бөлгіш металл тақтайшалар есебінен жеке фрагменттерге алдын ала кесілген сақиналармен салу ойластырылды. Келесі кезекте фигураның жоғарғы жағында бұрын құлаған саз кесектерін мүсіндеуді және қалпына келтіруді жалғастыру маңызды еді, — деп жазды сарбаз.

Гипс қалыптарын мүсіндеу және жасау үшін алты айдан астам уақыт қажет болды. Пішін толығымен қалыпталған кезде қадам-сазды пішіннен қалыптау гипсінің бөліктерін алу көп уақытты қажет етті.

Бұл процесс барысында драмалық оқиға болды.

— Бастың гипс пішінін алып тастауға келгенде біз қатты шаршаған едік. Бір кезде Игорь тепе-теңдігін жоғалтып, қалыпты жіберіп, өзі төмен түсіп кетті. Қысқа уақыт ішінде мен көмекшімнің қауіпсіз қашықтыққа кетуін күттім. Пішінді салмақпен ұстап тұрдым. Бірақ ол бір адамға тым ауыр еді. Ол мені өзіне қарай тартып алып кетті. Мен оны қолымнан босатуға мәжбүр болдым. Оның кесектерге бөлінгенін көруге тура келді. Құдайға шүкір, Игорь ешқандай жарақат алған жоқ. Беті қатты тырналып кетті. Содан кейін әріптестер тарапынан мені жолдасын ұрды деген қауесет тарады. Ол өсек әңгіме мен үшін ұят болды, — деп еске алды Песоцкий.

Сарбаздар балшықтан басын мүсіндеп, жаңа гипс пішінін алып тастауға мәжбүр болды. Гипс қалыптары спортзалдан жеткізіліп, оларды тікелей тұғырға орнатты. Сақиналармен байланып, металл жақтау салынып құйылды.

Дайын ескерткіштің ашылуына Песоцкий қатысқан жоқ. Бұл уақытта ол әскери борышын өтеп кеткен болатын.

— Ескерткішпен жұмыс жасап жатқан сәтімде маған Юрий Алексеевич Гагариннің бір суреті ерекше ұнаған еді. Аталған суретте ол ұшып жүрген көгершінмен бейнеленген болатын. Сондықтан мен композиция барысында ұшып жүрген көгершінді көрсетуді жоспарладым. Оны қаңылтырдан жасауды ойластырдым. Менің ойымша, ол композицияны символдық және көрнекі түрде байыта түсер еді. Мен мұндай қосымшаны, әрине, әскерден борышымды өтегеннен кейін де жасай алар едім. Тіпті аталған тақырыпта сөйлесуге тырыстым. Бірақ бәрі ескерткіштің қазіргі бейнесіне үйреніп үлгерген сияқты. Уақыт тез өтіп, бәрі өзгерді. Байқоңырда Юрий Гагаринге ескерткіш жасау менің өмірбаянымдағы елеулі сәттің бірі болды, — деп жазды сарбаз Байқоңыр тарихы жөніндегі қалалық музейге жазған хатында.

Байырғы тұрғындар мүсіннің солтүстіктен оңтүстікке бағытталатын классикалық үлгісінің орнына батыстан шығысқа қарай болуына байланысты Мәдениет министрлігінің комиссиясы ескерткішті тіркеуден бас тартқанын айтады.

Дегенмен ескерткіштің осы шығыс бағытында өзіндік мағынасы болды. Жыл сайын 10-12 сәуірде таңертең ғарышкердің көтерілген қолдарының арасында көкжиектен күн көрінеді. Ол Гагариннің жаңа күнмен сәлемдесуі немесе ғарышкердің ұшу алдында сәлемдесуі секілді мағына берді.

Еске салсақ, Кескен-Күйік қалашығы ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілуі мүмкін.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<