Ел жаңалықтары

5

0

«АҚТАУ – ҚЫЗЫЛОРДА – АҚТАУ» БАҒЫТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

«SCAT» әуе компаниясы «Ақтау – Қызылорда – Ақтау» бағыты бойынша субсидиялық жаңа әуе рейсін іске қосты. Алғашқы рейспен 146 жолаушы Қызылордаға келсе, дәл осындай жолаушы Ақтауға аттанды.

Жаңа бағыт рейстері «Boeing» әуе кемесімен аптасына екі рет – сәрсенбі және сенбі күндері ұшады. Ақтау қаласынан шыққан ұшақ Қызылордаға сағат 16:00-де қонып, Қызылордадан Ақтауға сағат 17:00-де ұшып шығады. Билет құны бір бағытқа тұрақты түрде 25 000 теңге.

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен ұйымдастырылған алғашқы рейсті дәстүрге сәйкес әуежайдағы су аркасымен салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.

Жаңа әуе бағыты өңіраралық байланысты нығайтып, жолаушылардың мүмкіндігін кеңейтеді. Сондай-ақ туристік және іскерлік байланыстарды дамытуға оң ықпал етеді.

ГАЗ БАҒАСЫ ҚЫМБАТТАЙДЫ

«Қазақстанда 1 шілдеден бастап көтерме газ бағасы орта есеппен 33 пайызға өседі. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев мәлімдеді»  деп хабарлайды Egemen.kz.

Вице-министрдің айтуынша, бұл шешім жылыту маусымынан ке­йінгі газ инфрақұрылымын жаң­ар­ту қажеттілігіне байланысты қабыл­данған.

– Өзгеріс тек көтерме баға­ларға қа­тысты болып отыр. Бұл бағытта орта­ша өсім 33 пайызды құрайды, өңірлер бойынша нақты бөлінісі бар. Бұл саланы инвестициялық тұрғы­дан тартымды етуіміз керек, – деді ол.

Вице-министр газ бағасын көтеру инфляциялық және экономикалық фак­тор­лармен де байланысты екенін атап өтті. Сонымен қатар министрлік өкілі көтерме бағаның өсуі тариф­тердің бірден қымбаттауына әкел­мейтінін айтты.

КИБЕРҚАУІПСІЗДІК МАМАНДАРЫН ДАЯРЛАУ БАСТАЛДЫ

«Қазақстанда «Red Team & Blue Team Cyber Academy» білім беру бағдарламасына іріктеу аяқталып, киберқауіпсіздік саласында тегін білім алатын 100 грант иегері анықталды» деп хабарлайды KAZINFORM ақпарат агенттігі.

Жасанды интеллект және цифр­лық даму министрлігінің мәлі­метінше, жобаға еліміздің барлық өңірінен 1567 өтінім түскен. Іріктеу нәтижесінде 361 қатысушы «Ұлттық киберқалқан» CTF-турниріне қаты­сып, оның қорытындысы бойынша үздік 100 адам грант жеңіп алды.

– Білікті кадрларды даяр­лау – бүгінде мемлекетіміздің цифр­­лық егемендігінің негізі. «Red Team & Blue Team Cyber Academy» бағдарламасы қазіргі заманғы киберқауіптерге тиімді қарсы тұ­руға және Қазақстанның маңызды цифрлық инфрақұрылымының тұ­рақ­ты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге қабілетті сарапшылардың жаңа буынын қалыптастыруға ба­ғыт­талған, – деді Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев.

Жоба IT саласында базалық білімі бар 18 бен 45 жас аралығындағы азаматтарға арналған. Қатысушылар алты ай бойы онлайн форматта оқып, киберқауіпсіздік саласындағы практикалық дағдыларды меңгереді.

2 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЕГІЗ ЖӘНЕ 54 ҮШЕМ

 Елімізде  төрт айда 2 мыңға жуық егіз және 54 үшем дүниеге келді. Үшемдер бойынша Түркістан облысы, Атырау облысы және Шымкент қаласы алда.

«Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-сәуір айларында 1926 егіз және 54 үшем тіркелді. Бұл кезеңде төрт­емдер тіркелмеген» деп хабарлайды Aikyn.kz.

Егіздер саны бойынша Түркістан облысы көш бастады. Одан кейін Алматы қаласы (245) және Алматы облысы (175).

2026 жылғы қаңтар-сәуір айла­рында дүниеге келген балалардың жал­пы саны 99,4 мыңға жетті. Туу көр­сеткішінің ең жоғары дең­гейі Түркістан облысында (1000 тұрғынға шаққанда 19,75), Шымкент қаласында (19,39) және Маңғыстау облысында (19,28) тіркелді.

«СБ» ақпарат