Кеше партияның «Kітап-AMANAT» орталығында жазушы, ақын Қадір Мырзалиевтың туғанына 90 жыл толуына орай кездесу өтті. Басқосуға қаладағы жалпы білім беру ұйымдарының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстаздары қатысты, деп хабарлайды Syrboyi.kz.
Жиында партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов аталмыш орталықтың жұмысына тоқталып, келелі кездесудің арқауы болған ақын Қадір Мырзалиевтің шығармашылық жолындағы жетістіктерін баяндады.
Салтанатты шара қонағы облыстық «Сыр бойы» басылымының тілшісі, ақын Ғазиза Әбділда өзінің авторлық кітабын орталыққа табыстай отырып, сиясы кеппеген жаңа туындыларын қалың оқырманға паш етті.
Еркін пікір-алмасу бағытында өрбіген кездесуде ұстаздар кітапхана мен оқырмандар арасындағы мығым байланыс пен партия тарапынан ұйымдастырылған шараларды талқылады. Оның ішінде бірқатар ұсыныс-пікірлер де түсті. Мәселен, кеш қатысушылары «Kітап-AMANAT» жобасының аясын орталықтан тыс жерлерде, шалғайдағы білім ошақтары мен елді мекендерде насихаттауға шақырды.
Жиынға көрермен ретінде қатысушы, Ы.Алтынсарин атындағы №10 мектеп-лицейінің ұстазы Айгүл Тілекқызы орталық жұмысына сәттілік тілеп:
Кітап – жүрегімнің сыңары,
Көп өмірдің бізге қояр сұрағы.
Кітап керек әр бақытта білсеңіз,
Мәңгі болсын кітапхана шырағы, – деп өлең жолдарын тарту етті.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<