Ерлік пен елдік дәріптелген мерекелік салтанат өтті

10

0

Фото: Жалағаш ауданы әкімдігі

Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінде 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Жеңіс күніне арналған салтанатты жиын өтті. Мерекелік шараға аудан әкімі Ардақ Ибраимов қатысып, аудан тұрғындарын қос мерекемен құттықтады.

«Сіздерді 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен және 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл – ел тыныштығы мен тәуелсіздігін қорғаған ержүрек азаматтарға тағзым ететін, ұрпаққа өнеге болатын тағылымы мол мерекелер. Біз Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күнін қатар атап өтеміз. Өйткені бұл қос мереке рухани тұрғыдан өзара сабақтасып, елдік пен ерліктің маңызын айшықтай түседі. Осы арқылы бейбіт өмір мен тұрақтылық жолында жанын қиған батырларды әрдайым құрметпен еске алып, ардагерлеріміздің ерлігін кейінгі ұрпаққа үлгі етеміз.

Тәуелсіздігіміз – ең қастерлі құндылығымыз. Сондықтан ата-бабамыз аманат еткен қасиетті жерімізді, туған Отанымызды көздің қарашығындай қорғау – баршамыздың қасиетті парызымыз. Ел қауіпсіздігі мен тыныштығын сақтау – әр азаматтың абыройлы борышы.

Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке, ырыс-ынтымақ тілеймін. Аспанымыз ашық, еліміз аман болсын! Көк байрағымыз әрдайым биікте желбірей берсін» – деді аудан әкімі А.Ибраимов.

Ұлы Отан соғысы жылдарында Жалағаш ауданынан 2316 азамат майданға аттанған. Өкінішке қарай, олардың тек 695-і ғана елге аман-есен оралды.

Салтанатты жиында тыл және еңбек ардагерлері, сондай-ақ түрлі салада абыройлы еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтар марапатталды.

Мерекелік шара одан әрі театрландырылған қойылыммен жалғасып, көрермендер назарына соғыс жылдарының ауыр кезеңдерін бейнелейтін сахналық көріністер ұсынылды. Сонымен қатар, патриоттық рухты көтеретін әндер шырқалып, көпшілікке ерекше әсер сыйлады.

Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі