Халық ойындарының қорытындысы қатаң сынға алынды

5

0

Фото: Сыр спорты

Қызылорда облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бахтияр Ғарифоллаұлы Артаевтың төрағалығымен шұғыл жиналыс өтті.

Жиынның негізгі тақырыбы – Түркістан қаласында жалауы желбіреген VIII Халық ойындарындағы аймақ құрамасының көңіл көншітпейтін, төмен нәтижелерін талқылау болды.

Басқарма басшысы өз сөзінде облыс намысын қорғаған спортшылар мен бапкерлер құрамының дайындығын қатаң сынға алды. Сыр өңірінің спорттық әлеуеті мен мемлекет тарапынан жасалып жатқан жағдайдың жоғары екенін алға тартқан ол, мұндай сәтсіздікке ешқандай сылтау жоқ екенін кесіп айтты.

Жіберілген кемшіліктер мен жауапкершілікті сезінбегені үшін 10 аға жаттықтырушыға және 10 мектеп директорларына сөгіс жарияланды.

Сыр спортының беделін қайта көтеру, спортшылардың шеберлігін шыңдау және алдағы уақытта мұндай төмен көрсеткіштердің қайталануына жол бермеу міндеттелді. Әрбір спорт түрі бойынша дайындық жүйесін түбегейлі қайта қарау, іріктеу кезеңдерінің әділдігін қамтамасыз ету және жаттығу процесінің сапасын арттыру бойынша нақты тапсырмалар жүктелді.

«Біздің мақсатымыз – тек қатысу емес, жеңіс тұғырынан көріну. Сыр елі – чемпиондар мекені, сондықтан бұл нәтиже біздің деңгейімізге мүлдем сай келмейді», – деп түйіндеді Бахтияр Ғарифоллаұлы.

Басқарма басшысы бұл мәселені жеке бақылауына алатынын және алдағы жарыстарда облыс намысын биікке шығару үшін барлық мүмкіндіктер жұмылдырылатынын жеткізді.