Индустриялық жобалар игілігі

978

0

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында индустриялық аймақ құру үшін Арал қаласының солтүстік-шығыс бөлігінен 10 гектар жер телімі бөлінген еді. Осылайша, мемлекет кәсіп иелерін қолдауды осыдан бірнеше  жыл бұрын бастады. Нақты кезеңде аталған өндірістік аймақта жалпы құны 1 773,3 млн теңгені құрайтын 3 жоба жүзеге асырылуда.

Алматылық «Qazaq Camel» ЖШС түйе сүтінен жылына 130 тоннаға дейін құрғақ ұнтақ өндіретін, құны  1,53 млрд теңгені құрайтын жобаны іске асыруды бастады. Жоба өңірлік индустриялық картаға енгізілген. Аймақтық үйлестіру кеңесінен оң қорытынды алғаннан кейін серіктестікке Аралдағы индустриялық аймақтан 1 гектар жер телімі тегін берілді. Алматылық іскер жігіт әуелде кәсіпорында 25 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, жылына 300 тонна құрғақ сүт өндіремін деп жоспарланған екен. Теңіз төскейіндегі түйе санын есепке алған ол енді кәсіпорын қуаттылығын 5 есеге ұлғайтуды көздеп отыр. Яғни, кәсіпорын жыл көлемінде 130 мың тонна құрғақ сүт ұнтағын өндіретін болады. Алдағы уақытта 150 адам жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда.

Қазіргі таңда 660 шаршы метрді құрайтын кәсіпорын ғимаратының іргетасын құю жұмыстары жалғасуда. Бұл жұмыс 25 мамыр күні басталған. Ғимарат қабырғасы сендвич панельден тұрғызылатын болады. Қажетті құрал-жабдықтар көршілес мемлекеттен жеткізіледі. Серіктестік директоры Нұғырбек Абулғазинның айтуынша, тоңазытқышпен жабдықталған бірнеше арнайы көлік түйе сүтін зауытқа жеткізеді.

Ол қондырғыда сүт ұнтағына айналдырылып, экспортқа шығарылады. Жалпы, жоба осы жылдың қыркүйек айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Өндірістік аймақта мұнан басқа тағы 2 кәсіпорын қалыпты жұмыс істеп тұр. Жергілікті  «Берекет» ШҚ «Ет және ет өнімдерін өндіру» жобасын жүзеге асыруды 2016 жылдың соңында бастады. Белгілі кәсіпкер Күнтуар Жайназаров қолға алған жобаның құны – 38,3 млн теңгені құрайды. Оған да индустриялық аймақтан 1 гектар жер телімі тегін табысталған. Қазіргі таңда 11 адамды жұмыспен қамтыған кәсіпкер жылына 550 тонна ет өнімдерін шығарып отыр.

Аталған индустриялық аймақта жүзеге асырылған келесі жобаның атауы – «Қаптама кірпіш өндіру» жобасы. Оның құны – 131,5 млн теңге. Мұны «Жаңа Арал» ЖШС қолға алған. Жоба бастамашысы Мейрамбек Жұмашевқа өндірістік аймақтан 4 гектар жер телімі бөлінген еді. Кәсіпорын 2017 жылдың тамыз айында іске қосылды. Жергілікті тұрғындардан 20 адам жұмыспен қамтылған. Нақты кезеңде кәсіпорын қаптама кірпіш шығарып, еліміздің өзге аймақтарына жөнелтуде. Бұдан бөлек, кәсіпкер ас тұзынан техникалық тұз өңдеп шығаруда. Сондай-ақ, «Жүн және теріні алғашқы өңдеу» жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бастысы, бұл жобалар жаңа жұмыс орнын ашуға сеп болмақ.

Айта кетейік, өндірістік аймаққа инфрақұрылым жүйелерін жеткізу үшін 2013 жылдың соңында Арал аудандық бюджетінен 4,2 млн теңге қаражат бөлінген-ді. Келесі жылдың сәуір айында инфрақұрылым жүйелерін жеткізу үшін республикалық бюджеттен 191,9 млн теңге, жергілікті бюджеттен 16,6 млн теңге, барлығы – 208,5 млн теңге қаржы қаралды. «Қазалықұрылыс» ЖШС сол жылдың қазан айында инфрақұрылым жүйелерін жеткізу жұмыстарын аяқтады. Ал 2016 жылдың шілде айында индустриялық аймақ облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасынан Арал қаласы әкімдігінің теңгеріміне өткізілді.

Еске сала кетсек, биылғы жылдың басында Үкімет қаулысымен Индустриялық-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Индустрияландырудың үшінші бесжылдығы аясында облыста 2025 жылға дейін жалпы құны 551, 2 млрд теңге болатын 23 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Осы арқылы 6400 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Дәуіржан Елубаев,

«Сыр бойы».

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз