Таиландта із-түзсіз жоғалған ресейлік ағайындының өліміне қатысты тың мәлімет шықты. Сакэу провинциясында ұсталған екі тай азаматы оларды өлтіріп, мәйіттерін жерлегенін мойындады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Thethaiger басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
28 шілдеде Ресей азаматы Зарина Назимова Хуай-Яй полициясына қызы мен ұлының жоғалғаны туралы арыз түсірген. Осыдан кейін бұл іс қоғам назарын аударды.
Полиция мәліметінше, қыз бен ұл бейнебақылау камерасына соңғы рет Map Ta Phut – Na Jomtien тас жолындағы көпір маңында түсіп қалған. Кадрларда олардың белгісіз ер адаммен сөйлесіп тұрғаны, ал артынша мотоцикл мінген тағы бір адамның соңдарынан ергені көрінеді. Осыдан кейін олар ізім-ғайым жоғалған.
29 шілдеде жергілікті тұрғындар полицияға хабарласқан. Олардың айтуынша, бір күн бұрын кешкі сағат 22:00 шамасында көпір маңындағы қараусыз қалған крематорийдің жанында төрт ер адам күрек пен өзге де қазу құралдарын алып жүрген. Оқиға орнына барған полицейлер ресейліктер жалға алған мотоциклдің бөлшектерін тапқан. Олар екі бөлек шұңқырға көмілген. Табылған мемлекеттік нөмір мотоциклдің жоғалған ағайындыға тиесілі екенін растады. Осыдан кейін полиция іздеу жұмыстарын кеңейтіп, айғақтар мен жоғалғандарды табу үшін кинологтарды жұмылдырды.
Тергеу барысында жергілікті тұрғындар Понг лақап атымен танымал ер адамға күмән келтірді. Олардың айтуынша, мотоцикл көмілген жер күдіктінің үйіне жақын орналасқан.
Таиланд БАҚ-тарының хабарлауынша, ағайындыны соңынан аңдыған мотоцикл жүргізушісі дәл осы Понг болған. Полиция оның бұған дейін бала ұрлау және заңсыз қару сақтау баптары бойынша сотталғанын мәлімдеді.
Кейін тәртіп сақшылары тергеуге қатысы бар деген күдікпен Паттайядағы бір үйге тінту жүргізгені. Десе де Понг ол жерден табылмаған.
31 шілде күні кешке полиция 43 жастағы Тана Кирдтонгты (Понг) және 39 жастағы Тончай “Тонг” Срининді Сакэу провинциясының Ванг-Сомбун ауданында ұстады. Тергеу мәліметінше, күдіктілер елден қашпақ болған. Тончай полицияға Тана ресейлік ағайындыны атып өлтіргенін, кейін мәйіттерді тауға апарып көмгенін айтқан. Полиция жерленген орын Чонбури провинциясының Саттахип ауданындағы Кхао Чи Чан тауының маңында болуы мүмкін деп отыр.
Кейін жауап алу кезінде Тана да екі ресейлікті өлтіргенін мойындаған. Полиция мәліметінше, ол әуелі Романды атып өлтірген, кейін Дианаға шабуыл жасап, оны өлтірген. Сонымен бірге күдікті Дианаға жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық көрсеткенін жоққа шығарды.
Тергеушілердің айтуынша, күдікті ағайындыны олардың жалға алған мотоциклін тартып алу үшін өлтіргенін айтқан. Қазір полиция екі күдіктіні оқиға орнына апарып, қылмыстың қалай жасалғанын сұрап жатыр. Оған қоса марқұмдардың нақты қай жерге көмілгенін анықтау жұмыстары жүріп жатыр.






