Интернет-алаяқтық: кең тараған схемалар мен сақтану жолдары қандай?

8

0

Фото: Qyzylorda PD

Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Тоқтыбаев Серік Әбдімәуленұлының қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өтті.

Брифингте интернет – алаяқтық бойынша қылмыстық істердің өсім алу себебі мен оның алдын алу бағытындағы профилактикалық іс-шаралар туралы айтылды.

Интернет пен цифрлық технологиялардың кеңінен таралуы жаһандану құрылымын ғана емес, қылмыс әлемінің сипатын, соның ішінде қылмыс түрін түбегейлі өзгертті.

Әлеуметтік желілер мен түрлі интернет платформалар тек ақпарат алмасу болып қана қоймай, сауда-саттықтың негізгі алаңына айналды.

Қазіргі таңда SMS код айтып қойдың деп қорқытып өз-өзіне несие рәсімдету, инвестицияға ақша салып көбейтесіз деп сендіріп алдау, ватсап желісі арқылы таныстарынан қаражат сұрау және онлайн сауда арқылы алдын ала төлем жасату секілді түрлері өршіп тұр.

Өкінішке орай халық арасында түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатқанына қарамастан алаяқтарға алданатын азаматтар әлі де азаймай отыр.

Жыл басынан Қызылорда облысы көлемінде интернет-алаяқтық қылмыстарының 85 дерегі тіркеліп, өткен жылдан -9,6%-ға төмендеді.

Есепті мерзімде интернет-алаяқтық қылмыстарының ашылу көрсеткіші 70,1%-ды құрап, өткен жылдан +31,2%-ға жақсарды.

Өткен жылдар санатындағы 7 қылмыстық іс ашылып, ашылу көрсеткіші +75%-ға жақсарды.

Ғаламтор желісіне жүргізілген мониторинг нәтижесінде заңға қайшы белгілері бар 876 сайттар мен сілтемелер анықталып, бұғаттау үшін «Кибернадзор» жүйесіне енгізілді.

Полиция қызметкерлері интернет-алаяқтық қылмыстарының алдын алу мақсатында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, халық арасында профилактикалық шараларды жүргізуде.

Халық көп шоғырланатын жерлерде 4 мыңға жуық жадынамалар таратылып, «SOS» дабыл батырмасы арқылы сақтық шаралары жөнінде аудио-хабарламалар тұрақты түрде жасалуда.

Әлеуметтік желілерде, сондай-ақ, әлеуметтік желілердегі 3 мыңнан 80 мыңға дейінгі қатысушысы бар чаттар мен топтарда профилактикалық сипаттағы бейнероликтер мен жадынамалар жүйелі түрде жариялануда.

«Аманат» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты филиалының еріктілері Полиция департаментімен ұйымдастырылған кешенді профилактикалық іс-шараларға жүйелі түрде тартылуда.

«Айтып өтетін өзекті мәселе – осы интернет-алаяқтық қылмыстарымен байланысты «Дроппер» деген жаңа ұғым пайда болды. «Дроппер» дегеніміз қарапайым тілмен айтқанда интернет-алаяқтарға көмек көрсетуші немесе интернет-алаяқтық қылмысына қатысушы деген мағынаны білдіреді. Яғни, алаяқтар жәбірленушілердің шоттарындағы қаражаттарды, басқа біреудің, жаңа айтып өткен «дроперлердің» банктік карталарын немесе есепшоттарын пайдалану арқылы, шетелдік есепшоттарға аудартып алады немесе банкоматтардан қолма-қол шешкізіп алады. Осы қылмыстардың алдын-алу мақсатында алаяқтарға көмек көрсетуші «дропперлерге» қатысты ҚР Қылмыстық кодексте жаңа бап енгізіліп, санкциясында кінәлілерге қатысты жүз алпыс айлық есептік көрсеткіштен бастап (160мрп*4325тг=692.000тг) жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаралады» деп түсіндірді Серік Әбдімәуленұлы.

Брифинг барысында киберқылмыстың кең таралған түрлері, соның ішінде қоңыраулар, мессенджерлер және жалған сайттар арқылы жасалатын алаяқтық схемалар туралы түсіндірілді.

«Ең бастысы – қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау қажет. SMS-кодтарды ешкімге беруге болмайды. Егер белгісіз адам хабарласып, қандай да бір қосымшаны жүктеуді сұраса, бірден бас тарту керек. Себебі ол арқылы алаяқтар сіздің телефоныңызды қашықтан басқаруы мүмкін. Күмәнді қоңырау түскен жағдайда, бірден байланысты үзіп, банктің ресми нөміріне хабарласу қажет» дейді Серік Тоқтыбаев.

Бұл ретте полиция қызметкерлері азаматтарды қырағы болуға, әлеуметтік желілердегі күмәнді ұсыныстарға сенбеуге және бейтаныс адамдарға жеке деректерін бермеуге шақырады.