Егіннің бабы алажаздай бітпейді. Диқан қосындағы қарбалас қашанда қызу. Сол қым-қуыт тіршілік ауанын аймақтағы іргелі шаруашылықтың бірі – «Абзал және К» толық серіктестігінен байқауға болады.
Серіктестік биыл 4 мың гектар алқапқа күріш екті. Олардың арасында «Лидер», «Янтарь» секілді ресейлік және жергілікті сорттар бар. Сондай-ақ оған қоса Түркия мен Ресейден жеткізілген жаңа сорттар сынақтан өткізіліп жатыр. Диқандар күрішті дер уақытында толық егіп үлгерді. Десе де ауа райының қолайсыздығы егіннің өсуіне біршама кедергісін келтірген.
– Мамыр айындағы салқын және үздіксіз жел егіннің өсіп-жетілуіне біршама кедергі келтірді. Ал қазір ауа райы қарасып тұр. Күннің қызуы дақылдың толық өсіп-жетілуіне қолайлы. Шаруашылық еңбеккерлерінің тиянақты жұмысының нәтижесінде жылда жақсы өнім алып келеміз. Биыл да сол үдеден шығамыз деген ойдамыз. Өткен жылдары облыста су тапшылығы болды. Біз нақты іс-шара жоспарын жасап, күрделі кезеңде ешқандай қысылған жоқпыз. Сол іс-әрекет биыл да жалғасын тауып, егінге судың толық жетуін қадағалап отырмыз. Әзірге су жөнінен мәселе туындап отырған жоқ, – дейді компанияның коммерциялық директоры Сағидулла Сыздықов.
Қазір шаруашылықта 350 адам еңбек етеді. Қандай қиындық болса да серіктестік жұмысшылар санын қысқартқан жоқ. Диқандар әртараптандыру бағытында жоңышқа, бидай, жүгері және өзге де дақылдар көлемін арттырып келеді.
– Әзірге өзге дақылдардан түсетін табыс күріштен төмен болып тұр. Өйткені, еліміздің өзге өңірлерімен салыстырғанда кейбір дақылдар үшін шығын көп. Соған қарамастан біз әртараптандыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз, – деді С.Сыздықов.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»





