2026-2027 оқу жылы қарсаңында елімізде әлеуметтік осал санаттағы 450 мыңға жуық балаға мектепке қажет киім-кешек пен оқу құралдарын сатып алуға қаржылай көмек беріледі. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен шамамен 23 миллиард теңге бөлінген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биыл 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында Жалпыға міндетті білім беру қоры аясында әлеуметтік осал санаттағы оқушыларға мектеп формасын, аяқ киім мен оқу құралдарын сатып алуға қаржылай қолдау көрсетіледі. Мұндай көмекпен 450 мыңға жуық бала қамтылады. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен шамамен 23 миллиард теңге қарастырылған.
Бір балаға берілетін көмектің ең төменгі мөлшері – 50 851 теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10% жоғары. Сонымен қатар жергілікті бюджет мүмкіндігіне қарай кейбір өңірлерде төлем көлемі бұдан да көп болуы мүмкін.
Қаржылай көмек жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына, өмірлік қиын жағдайға тап болған оқушыларға беріледі.
Төлемді алу үшін ата-аналар немесе заңды өкілдер қажет құжаттарды бала оқитын білім беру ұйымына тапсыруы қажет.






