ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ ДАРЫНДЫ ӨКІЛІ, ҚАЗАҚСТАН ЖУРНАЛИСТЕР ЖӘНЕ ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ ШАҺИЗАДА ӘБДІКӘРІМОВПЕН ӘҢГІМЕ
Шакизада Әбдікәрімов 1956 жылы 16 қыркүйекте Қармақшы ауданы Жаңажол аулында дүниеге келген.
Ақын, журналист, қоғам қайраткері. «Қоғам ТВ» телеарнасын құрушы, медиа мадераторы.
Қызылорда облысының құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің, «Тұран» сыйлығының иегері, «Түркі дүниесі ақындарының» Ахмет Нишат атындағы сыйлығының лауреаты.
«Байқоңыр», «Алтын қазық», «Гладиатор», «Сүлейдария» атты жыр кітаптары жарық көрген. Өлеңдері қырғыз, татар тілдеріне аударылған.
Алдымен шағын әңгімедегі кейіпкерім Шәкизада туралы айтып алайын.
Ақынның түнгі Ыстықкөл хикаясына шомылып жүріп жазған өлеңі бар еді:
«…Сенбейтін шындық… расында,
Жүрген бе қазақ қумай дау.
Пері қыз, қалсам қасыңда,
«Суға кетті» деп шулайды-ау!
Түніміз осы ақырғы,
Жазады кімдер жалғасын.
Жағаға қайтар ақынды,
Жамырап жұрты қалмасын», – деп. Сол айтқанындай, қайсыбір жылы біраз ауырып, «жұрты жамырап қала жаздаған» Шәкеңмен қай кезде болса да екпінді, ерекше көңіл-күй үстінде жолығысасыз. Тіпті сол емделіп жүрген күнінде де өзінің емес, өзгенің «ауруын» айтып тұрғанын көріп таңғалар едіңіз. Өйткені, оны ауыртатын – тәні емес, жаны. Ол қоғамдағы кертартпа мінез, кесапат адамдардан ауырады. Әлемде де, өлеңде де кеткен кемшіліктердің бәрін жүрек сүзгісінен өткізеді, олардың «кірі» кеудесінде қалады.
Ал, енді әңгімеге көшейін.
– Шәки аға, біздің бұл әңгімемізді жорналшылап сұхбат деп атамай-ақ қояйық. Сырласу болсын.
Міне, БАҚ қызметкерлерінің кәсіби мерекесі де келіп жетті. Бұрын маусым айының соңғы жексенбісі болып белгіленген мереке 2019 жылдан бастап ресми мәртебе алды. Сіз журналист қана емес, журналистік мектеп қалыптастырған ұстазсыз. Мерейлі мерекеңіз құтты болсын!
Соңғы кезде «газет оқылмайды», «жұрт теледидар көрмейтін болды» деген сөз тіркестері қалыптасты. Бұл жайында не айтасыз?
– Алдымен, барша әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтаймын!
Сен айтып отырған әлгі сөз тіркестеріне екі жақты қарауға болады. Жақында Италияның екі жүз жылдық тарихы бар бір газеті қазақтың мақтанышына айналған тума талант әнші Димаш Құдайбергеннен сұхбат алды. Италиялықтар оны газет дүкендерінен жылы саумал ішкендей жым-жылас алып кетті.
Бұл өркениетті елдерде баспасөз қадірінің жоғары екенін көрсетеді. Себебі, олардың қабылдау дәрежесі де биік, арзан ақпараттарға алданбайды.
Жақында мен бір жапон поэзиясындағы хайку жанрымен өлең жаздым.
«Патшаға да, пақырға да ыңғайлы,
Ғалам мынау гаджеттерге үңіліп:
Гаремдердің әңгімесін тыңдайды».
Қазір әлемжелі қазаққа қауіпті үдеріс болып тұр. Баяғыда Шоқан Уәлиханов: «Сауаттылық – сахарадағы жемқорлар мен даукестердің өсек-аяңдарын көбейту үшін келді» деген екен.
Ұлы адам ғой, қалай біліп айтқан. Қазір кім болса сол әлемжелі арқылы бір-бірін қаралап, көк есекке теріс мінгізу үшін түк қиналмайды. Бүкіл ел болмысына бір саусақпен «баға беріп» отырғандар анау ауылда да, мынау ауылда да бар. Әлгілердің жазуы жүйкеңе тиеді, сөйлем түрлерінің стильдік қызметі дегенді олар өмірі естімеген, тыныс белгіні айтудың өзі артық, екі сөзден төрт қате жібереді. Ең жаманы, алдыңғы сапта жүретіндердің өзі сол деңгейге түсті. Соларды тыңдайды, айтысады.
– «Бүгінгі компьютерде отырғандарды ертең кітап оқығандар басқарады» деген сөз бар. Біздің ертеңіміз қашан, сіз айтып отырған «ақымақ кейіптен» қалай арыламыз?
– Компьютерді ойлап тапқандардың бірі – жапондар. Бірақ, өздері кітап оқиды. Оқырманы жазушысынан озып жүреді. Ендігі кітабы қашан шығар екен деп. Ал, біз нәрестені жұбату үшін қолына смартфон беріп қоямыз. Оны әлдилейтін ата мен әже әлі жұмыс істеп жүр.
Сондықтан біздің ол кейіптен арылуымыз үшін ұрпақ ауысуы керек. Ғаламтордың «ғаламатынан», әлемжелінің әуресінен азап көрген бүгінгі бала әке болып, өз баласын осы жаман әдеттен арылтатын кез келеді.
– «Ғаламтор ғаламаты» деген жақсы сөз емес пе?
– Жақсы сөз, оның білім деңгейі шығанда кеткен, адамға берері шашетектен. Бірақ, біз жаман жағын алып жатырмыз. Жастардың бір бөлігі осы ғаламтор арқылы құмар ойындардың ұйығына батты. Қазір сарғайып жеткен айлығынан қызара бөртіп айырылатын ішкіштер жоқ, спорт түрлеріне бәс тігіп, бір сағатта «дәс» болып шығатындар көп. Міне, дәл осы жосықсыз жат қылықтан бізді жаңа ұрпақ қана құтқара алады.
– БАҚ мәртебесі туралы бірнеше рет заң қабылданды және қайта қаралды. Соның рахатын көріп жүрміз бе?
– Мемлекет басшысының тапсырмасымен журналистерге пәтер беру шаралары ұйымдастырылғанын білемін. Бұл – Президенттің отандық медиа қызметкерлеріне деген үлкен қолдауы.
Билік тарапынан бұқаралық ақпарат қызметі өкілдерінің әлеуметтік жағдайына мән беру енді ғана қолға алынып жатыр. Екі жылдай бұрын сол кездегі облыс басшысы Н.Нәлібаевтың бастамасымен журналистерге арналған 1 млн теңгелік «Жебе» сыйлығы тағайындалған еді. Бір мәрте ғана берілді. Осындай ынталандыру журналистерді жігерлендіреді.
– Журналист неге қоғамның дерті болып тұрған тақырыпты көтермейді әлде олардың «екі елі аузына бес елі қақпақ» бар ма дейтіндер кездеседі. Ол кісілерге не деп жауап береміз?
– Рас, біз айтатын мәселе аз емес. Бірақ, кейде жеке ұстанымымызды іркіп қаламыз. Сол айтқаныңды өршітіп, тұтатып жібергісі келіп, шала алып жүгіретіндер бар. Қоғамның тыныштығы мен ағайын ауызбірлігінің алдыңғы орында тұрғаны абзал. Онсыз да аспанын жалын жалаған, жерін от ораған әлемде өмір сүріп жатырмыз.
– Жалпы, журналистика бағыты дұрыс жолмен жүріп келе жатыр ма?
– Менің «Таза Қазақстан» деген өлеңім бар.
«Қозғалыс екен қолайымызға дөп келген,
Тазалайықшы Қазақстанның бақшасын
Көпжылдық арам шөптерден»
Журналистиканың бағыты осындай болуы керек. Бұл – жауынгер жанр, онда бүгін осындай батылдық, ақиқатшылдық аз. Ұлт мәдениетіне, тілге немқұрайлы қарайтын қатарды сиретуге қалам күші қабілетті.
«Кеме келсе, қайық судан шығады» дейді халқымыз. Қоғам білімділік пен жаңашылдыққа жол ашты. Талғамнан шығу керек, ол үшін журналиске тәжірибе аз, терең ізденіс қажет.
Ал, кемеге мінген теңізде жүзеді.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»





