«Кітап керуені» акциясы Бала би ауылында ұйымдастырылды

3

0

Облысымызда кітап оқуды насихаттау, оқу мәдениетін қалыптастыру және қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыру мақсатындағы «Кітап керуені» жобасы бастау алған болатын.

Аталған керуен Шиелі ауданының Талаптан ауылдық округіне қарасты Бала би ауылында ұйымдастырылып, аудан тұрғындарына рухани азық сыйлады. Іс-шараның басты мақсаты – кітап оқуды дәріптеу, оқырмандардың рухани дүниесін байыту және әдебиетке деген сүйіспеншілікті арттыру.

«Кітап керуені» акциясы Бала би ауылында ұйымдастырылды

Шараның салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов, Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Нұршат Маханқызы қатысып, жиналған қауымды құттықтап, кітаптың қоғам өміріндегі маңызына тоқталды.

Керуен аясында аудан тұрғындарына түрлі жанрдағы кітаптар ұсынылып, жаңа басылымдар таныстырылды. Оқырмандар өздерін қызықтырған әдебиеттермен танысып, кітаптар жөнінде пікір алмасты. Сонымен қатар, Әбділда Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Сапар Көзейбаев кітаптың адам өміріндегі маңыздылығына тоқталып, сирек кездесетін және көне кітаптар көрмесін таныстырды.

Тұрғындар «Кітап керуені» акциясының маңыздылығын атап өтіп, мұндай игі шаралардың жиі ұйымдастырылуына тілектестік білдірді. Кітапсүйер қауым ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізіп, кітаптың адам өміріндегі орны ерекше екенін атап өтті.

Шара барысында бірқатар кітапхана мамандары Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Алғыс хаттарымен марапатталса, белсенді оқырмандар арнайы номинациялар бойынша құрметке ие болды.

Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі