3

0

Дереккөз: osnmedia.ru

Қазақстан Еуразия құрлығының қақ ортасында, мұхиттардан шалғай орналасқан. Дәл осы географиялық ерекшелік ел климатына тікелей әсер етеді. Табиғи жүйелер мұнда сыртқы факторларға әлдеқайда сезімтал, ал климаттық өзгерістер әлемдік орташа қарқыннан жылдамырақ жүреді. Соңғы үш онжылдықтағы деректер де осыны айқын көрсетіп отыр.

Бұл мәселе мемлекет деңгейінде де көтеріліп отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абу-Дабиде өткен тұрақты даму саммитінде жаһандық жылынуды Орталық Азия үшін негізгі сын-қатерлердің бірі ретінде атап өтті.

– Үдей түскен жылыну экожүйелерге, өмір сүру жағдайларына және азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан шұғыл түрде климатқа бейімделу стратегияларын әзірлеу қажет. Өңір трансшекаралық өзендерге де қатты тәуелді. Осыған байланысты ерте ескерту жүйелерін құрып, су және жер ресурстарын басқаруды жақсартуымыз керек, –  деген еді Президент.

Температураның өсуі – бұл тек статистика емес, күнделікті өмірде сезіліп отқан шынайы өзгеріс. Сарапшылардың айтуынша, ел бойынша орташа жылдық температура тұрақты түрде жоғарылап келеді, әсіресе бұл үрдіс батыс өңірлерде айқын байқалады.

– Жалпы ел бойынша температура әр онжылдық сайын шамамен 0,36 °C-қа өсуде, ал батыс өңірлерде бұл көрсеткіш 0,47–0,56 °C-қа дейін жетеді, – делінген «Қазгидромет» РМК хабарында.

Осы өзгерістердің тағы бір көрінісі – маусымдардың «бұзылуы». Бұрын қалыптасқан табиғи ырғақ біртіндеп өзгеріп, жыл мезгілдерінің шекарасы көмескілене бастады. Қыс жұмсарып, көктем ерте келетін болды, ал жаз ұзарып барады. Бұл – тек субъективті әсер емес, көпжылдық метеобақылаулармен дәлелденген ғылыми факт.

«Қазгидромет» мәліметінше, 1976-2024 жылдар аралығында орташа жылдық температура әр онжылдық сайын 0,36 °C-қа өсіп отырған. Әсіресе көктем, жаз және күз мезгілдерінде жылыну қарқыны жоғары, ал қыс салыстырмалы түрде баяу өзгергенімен, жалпы үрдістен тыс қалған жоқ.

Нәтижесінде ел аумағында жылы кезең ұзарды. Температура +10 °C-тан жоғары болатын вегетациялық кезең кеңейді, ал қатты аязды күндер сирей түсті. Бұрын жиі кездесетін –20 °C-тан төмен температуралар бүгінде сирек құбылысқа айналып барады. Мұның нақты мысалы ретінде 2020 жылдың көктемін келтіруге болады. Ол климаттық нормадан +3,84 °C-қа жоғары болып, аномальды жылы маусым ретінде тіркелді. Ал 2023 жыл бақылау тарихындағы ең жылы жыл атанып, 1961-1990 жылдардағы орташа көрсеткіштен +1,73 °C-қа асып түсті.

Мамандар мұндай өзгерістердің басты себебін атмосферадағы парниктік газдар концентрациясының артуымен байланыстырады. Яғни, бұл тек табиғи циклдердің емес, адам әрекетінің де тікелей салдары.

Соңғы жылдардағы қыс та осы үрдісті айқын дәлелдейді. 2024-2025 жылғы қыс аномальды жылы болып, ел бойынша орташа температура нормадан 2,7 °C-қа жоғары тіркелді. Әсіресе солтүстік өңірлерде – Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарының солтүстігінде – ауытқу 5 °C-тан да асты. Өскеменде қаңтар айында температура нормадан 7,6 °C-қа жоғары болды. Астанада да соңғы онжылдықтарда қыс мезгілінің сипаты өзгеріп, бұрынғыдай қатаң емес, орташа деңгейге ауысып келеді.

Дегенмен, өңірлік айырмашылықтар да сақталады. Кейбір оңтүстік тауалды аймақтарда температура нормадан сәл төмен болғанымен, ауытқу 1,2 °C-тан аспаған. Жалпы алғанда, ел бойынша 127 метеостанцияның деректері қыстың «жылы» немесе «өте жылы» болғанын көрсеткен Мұндай аномалиялар, әсіресе солтүстікте, бұрын сирек – шамамен 20 жылда бір рет қана байқалатын құбылыс еді.

Дереккөз: instagram.com/timur_yeleussizov

Климаттық өзгерістердің ауқымын сарапшылар да ерекше атап өтеді. «KazEcoPatrol» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Тимур Елеусізов Қазақстан мен Орталық Азияны климат өзгерістеріне ең осал өңірлердің бірі ретінде сипаттайды.

– Қазір біз шарықтау кезеңінде өмір сүріп отырмыз. Қазақстан мен бүкіл Орталық Азия температураның өсу қарқыны бойынша алдыңғы қатарда, – дейді ол.

Сарапшының айтуынша, жаһандық орташа өсім жылына шамамен 0,1 °C болса, Қазақстанда бұл көрсеткіш 0,3-0,5 °C-қа жетеді. Мұның басты себебі – мұхиттар мен ірі су айдындарының климатты жұмсартатын әсерінің болмауы.

Себебі бізде аумақ өте үлкен, ал ірі су айдындары аз. Мысалы, Балқаш көлінің орташа тереңдігі небәрі 6 метр. Сонымен қатар мұздықтардың шамамен 60%-ы еріп кеткен.

Дереккөз: www.nasa.gov

Бұл үрдістер жаһандық контекстен де тыс емес. NASA деректеріне сәйкес, 2024 жыл 1880 жылдан бергі ең ыстық жыл болды. Орташа жаһандық температура XX ғасыр нормасынан 1,28 °C-қа жоғары тіркелді. Оның үстіне 2023 жылдың маусымынан 2024 жылдың тамызына дейін 15 ай қатарынан рекордтық жоғары температура байқалған.

Осындай жағдайда Қазақстанның климаттық тәуекелдерге осал елдердің қатарында болуы заңды. Сондықтан су ресурстарын сақтау, жасыл аймақтарды кеңейту және тұрақты технологияларды енгізу – стратегиялық маңызы бар міндеттерге айналып отыр.

Климаттың өзгеруіне антропогендік факторлардың ықпалы зор екенін айту керек. Көлік санының артуы, СО₂ шығарындыларының көбеюі және өндірістік жүктеменің өсуі жылыну процесін жеделдетуде. Ғалымдардың болжамынша, 2050 жылға қарай температура 3,2 °C-қа дейін, ал 2090 жылға қарай 6 °C-қа дейін көтерілуі мүмкін.

Бұл өзгерістер тек аптап ыстықтың күшеюімен шектелмейді. Су жүйесінің бүкіл құрылымы өзгереді. Атап айтқанда, қар тез ериді, ылғал жинақталу кезеңі қысқарады, ал құрғақшылық пен тасқын арасындағы айырмашылық күшейе түседі. Көктемде қардың күрт еруі судың топыраққа сіңбей, өзендерге тікелей ағуына әкеледі, бұл өз кезегінде су тасқыны қаупін арттырады.

Қазіргі таңда Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Абай және Қарағанды облыстары жоғары тәуекел аймағына жатады. Бұл өңірлерде климаттық факторлар гидрологиялық жағдаймен қабаттасып, табиғи апаттардың жиілеуіне әсер етуде.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай тәуекелдерді азайту үшін кешенді әрі жүйелі шаралар қажет. Олардың қатарында қоғамдық көлікті дамыту арқылы шығарындыларды азайту, ауыл шаруашылығында құрғақшылыққа төзімді дақылдарды енгізу және су ресурстарын тиімді басқару бар.

Түптеп келгенде, бұл шаралардың барлығы бір мақсатқа бағытталған. Ол – климаттық өзгерістерге бейімделу және олардың салдарын барынша азайту.

Шынар Бекбан