Көзінің түсін өзгертемін деген алматылық әйел көру қабілетінен айырылып қала жаздады

18

0

Фото: magnific.com

Алматы тұрғыны көзінің түсін өзгерту үшін шетелде жасатқан косметикалық операциядан кейін ауыр асқынуларға ұшырап, бір көзінен толық, екінші көзінен жартылай айырылған. Қазақстандық дәрігерлер күрделі операция жасап, оның көру қабілетін ішінара қалпына келтірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматы тұрғыны көзінің түсін өзгерту үшін шетелде жасатқан операциядан кейін ауыр асқынуларға тап болып, көру қабілетінен айырылу қаупіне ұшырады. Дәрігерлердің мәліметінше, операциядан соң әйелде глаукома мен көздің мөлдір қабығының бұлдырлануы дамыған.

Салдарынан бір көзі мүлдем көрмей қалып, екінші көзі тек жарықты ғана ажырататын жағдайға жеткен. Осыған байланысты оған I топтағы мүгедектік тағайындалған.

Науқас Қазақстан мен шетелдегі бірнеше клиникадан көмек сұрағанымен, ешбір маман күрделі операция жасауға тәуекел етпеген. Кейін ол Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасының офтальмологы Гүлзат Әбдірайымоваға жүгінді.

Дәрігерлердің айтуынша, науқастың көзішілік қысымы өте жоғары болғандықтан, операция барысында экспульсивті қан кету қаупі туындаған. Бұл көру қабілетін толық жоғалтуға әкелуі мүмкін еді.

Соған қарамастан мамандар жарықты сезу қабілеті сақталған көзді сақтап қалуға шешім қабылдады. Екі сағатқа жуық уақытқа созылған күрделі ота барысында антиглаукомалық операция жасалып, көздің мөлдір қабығы трансплантацияланды.

Сәтті өткен операцияның нәтижесінде көзішілік қысым қалыпқа келтіріліп, бұрын тек жарықты ғана ажыратқан науқастың көру қабілеті қалпына келе бастады. Қазір ол дәрігерлердің тұрақты бақылауында болып, оңалту емін жалғастырып жатыр.

Мамандардың айтуынша, мөлдір қабықты трансплантациялау – офтальмологиядағы ең күрделі жоғары технологиялық операциялардың бірі. Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасында мұндай оталар донорлық бағдарлама аясында жүргізіледі. Жыл басынан бері мұнда 12 науқасқа мөлдір қабық трансплантациясы жасалып, олардың көру қабілетін сақтап қалуға және қалпына келтіруге мүмкіндік туған.