Мемлекеттік қызметшілер мен полиция күніне орай салтанатты шара өтті

9

0

Бүгін Қазалы ауданында Мемлекеттік қызметші күні мен Полиция күні кәсіби мерекелеріне орай салтанатты шара өтті.

Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында өткен мерекелік шараға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қатысып, сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

– Баршаңызды Мемлекеттік қызметшілер және Полиция күні кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекеттік қызмет – елдің сенімін ақтау, ұлтымыздың абыройын асыру. Өз міндеттерін кәсіби деңгейде атқарып, еліміздің тәуелсіз, әлеуметтік және құқықтық мемлекетке айналуына мемлекеттік қызметкерлердің қосқан үлесі зор. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Мемлекеттік қызметшілер – Әділетті Қазақстанды құрудың басты қозғаушы күші» – деген болатын. Әрбір мемлекеттік қызметшінің бойындағы кәсібилік, адалдық сынды қасиеттер еліміздің өркендеуінің негізіне айналуда. Қоғам дамуының басты мұраты – елдің тыныштығы екені белгілі. Бұл орайда, қызметтері жоғары кәсіптілікті және асқан жауапкершілікті талап ететін әрі өмірлері қауіпке толы полиция қызметкерлерінің де еңбегі ерен. Күні кеше ғана облыс орталығында аймақ басшысы Мұрат Нәлқожаұлының қатысуымен Полиция күніне орай өткен салтанатты шарада өңіріміздің полиция қызметкерлеріне 94 арнайы қызметтік автокөліктің кілтін табысталса, оның ішінде 7 қызметтік автокөлік Қазалы аудандық полиция бөліміне берілуде. Сала қызметкерлерінің жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп атқарған кешенді шаралардың нәтижесінде ауданымызда қылмыс деңгейі жыл сайын төмендеп келеді. Мәселен, биыл өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда аудан бойынша қылмыстылық деңгейі 50-ден 40-қа, яғни -10 пайызға төмендеген. Жауапты міндет жүктелген мамандықтарды меңгеріп, қазыналы Қазалы жерінің көркеюі мен қоғам тыныштығы жолында талмай еңбек етіп жатқан қос саланың қызметкерлеріне шынайы алғысымды білдіремін. Президентіміздің Әділетті, Таза, Заң мен тәртіп салтанат құрған Қауіпсіз әрі Қуатты Қазақстанды құру жолындағы барлық бастамалары мен тапсырмаларын орындаудағы жауапты қызметтеріңізге сәттілік тілеймін, – деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.

Салтанатты жиында қазыналы Қазалы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен қоғамның тыныштығы жолында аянбай қызмет етіп жүрген бірқатар сала үздіктері ҚР Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемовтың, облыс әкімі мен аудан әкімінің, облыстық мәслихат төрағасының және Мемлекеттік қызмет істері мен облыстық полиция департаменттері басшыларының Алғыс хаттарымен марапатталды.

Мерекелік жиын мұнан әрі аудан өнерпаздары мен мемлекеттік қызметшілердің және аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің концерттік бағдарламасына ұласты.

Айта кетейік, бүгінде Қазалы ауданында 163 мемлекеттік қызметкер болса, оның ішінде 127 – сі ер қызметкерлер, 36-сы әйел азаматтар. Ал ауданымызда 35 жасқа дейінгі 31 жас мемлекеттік қызметші өңір дамуы жолында еңбек етуде. Ал, ауданымызда 100-ден астам полиция қызметкері қоғам тыныштығын сақтау жолында абыройлы қызмет етіп келеді.