2026 жылғы футболдан Әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі екінші тур аяқталып, турнирдің алғашқы үлкен қорытындылары белгілі болды. АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатқан дүбірлі дода жанкүйерлерге тартысты кездесулерді ғана емес, тарихи рекордтар мен күтпеген сенсацияларды да сыйлады.
Екінші турдың басты кейіпкері сөзсіз Лионель Месси болды. Аргентина құрамасының капитаны Австрияға қарсы матчта дубль авторы атанып, Әлем чемпионаттарындағы голдарының санын 18-ге жеткізді. Осылайша 39 жастағы аңыз шабуылшы Германия құрамасының бұрынғы сұрмергені Мирослав Клозенің 16 голдық рекордын жаңартып, Әлем чемпионаттары тарихындағы ең үздік бомбардир атанды. Бір қызығы, Мессидің 18 голының 11-і оған 35 жас толғаннан кейін соғылған. Бұл оның шеберлігі мен тұрақтылығының айқын дәлелі.
Мессиден қалыспай келе жатқан жұлдыздар да бар. Франция құрамасының көшбасшысы Килиан Мбаппе мен Норвегияның басты қаруы Эрлинг Холанд өз матчтарында дубль жасап, бомбардирлер жарысында аргентиналық саңлақтан небәрі бір голға ғана қалып тұр. Ал Мбаппе Ирак қақпасына екі мәрте дәл соққы жасап қана қоймай, Франция құрамасы сапындағы 100-матчына шыққан ең жас футболшы ретінде тағы бір тарихи белесті бағындырды.
Португалия құрамасы алғашқы турдағы сәтсіздіктен кейін Өзбекстанды 5:0 есебімен ойсырата жеңіп, өзінің күш-қуатын көрсетті. Бұл кездесуде Криштиану Роналду екі гол соғып, тағы бір тарихи жетістікке қол жеткізді. Ол Әлем чемпионатының қатысу санынан (6 мәрте) тарихи жетістікке жеткен алғашқы футболшы. 2006 жылдан бері әрбір мундиальда мергендік танытып келе жатқан португалиялық шабуылшы сондай-ақ Әлем чемпионаттарындағы гол саны бойынша Эйсебионы басып озып, Португалияның жаңа рекорд иесіне айналды.
Турнирдің басты тосынсыйларының бірі Кюрасао құрамасының өнері болды. Халқы небәрі 158 мың адамды құрайтын шағын мемлекет Эквадормен 0:0 есебімен тең түсіп, мундиальдағы алғашқы ұпайына қол жеткізді. Матчтың басты қаһарманы – қақпашы Элой Ром. Ол қарсыластардың 15 соққысын қайтарып, өз командасын жеңілістен құтқарды.
Филадельфиядағы Франция мен Ирак арасындағы кездесу де ерекше оқиғамен есте қалды. Найзағай мен күшті дауылға байланысты матчтың үзілісі екі сағаттан астам уақытқа созылып, бұл мундиаль тарихындағы ең ұзақ үзілістердің біріне айналды. Соған қарамастан француздар ойынның екінші бөлігінде үш гол соғып, сенімді жеңіске жетті.
Екінші турдан кейін плей-офф жолдамасын мерзімінен бұрын қамтамасыз еткен алғашқы құрамалар да анықталды. Мексика, АҚШ, Германия, Аргентина, Франция және Норвегия екі матчтан кейін-ақ 1/16 финалға шығуын ресми түрде рәсімдеді. Әсіресе Германияның нәтижесі назар аудартады: немістер Кюрасаоны 7:1 есебімен талқандап, кейін Кот-д’Ивуарды жігерлі ойынның арқасында жеңіп шықты.
Ал кейбір құрамалар үшін Әлем чемпионатының ертегісі ерте аяқталды. Гаити, Түркия, Тунис және Иордания құрамалары екі турдан кейін-ақ келесі кезеңге шығу мүмкіндігін толық жоғалтып, турнирмен қош айтысты.
Қызықты статистикаға назар аударсақ, Англия құрамасы Ганамен 0:0 есебімен тең ойнап, қатарынан төртінші Әлем чемпионатында топтық кезеңдегі екінші матчында жеңіске жете алмады. Бұл ағылшындар үшін түсініксіз дәстүрге айналып бара жатқандай.
Жалпы алғанда, екі турдың қорытындысы бойынша 2026 жылғы Әлем чемпионаты рекордтарға, тарихи оқиғаларға және күтпеген нәтижелерге толы турнир ретінде қалыптасып келеді. Месси өзінің есімін тағы бір мәрте футбол тарихына алтын әріптермен жазса, Роналду жаңа белеске көтерілді. Ал Кюрасао секілді дебютанттар әлем футболында ғажайыптардың әлі де болатынын дәлелдеп отыр. Енді жанкүйерлердің назары топтық кезеңнің шешуші үшінші турына ауады. Дәл сол кездесулерде плей-оффтың толық құрамы анықталып, Әлем чемпионатының жаңа қаһармандары белгілі болмақ.
Бағлан АМАНЖОЛ,
«Сыр бойы»






