Нала

1239

0

(Әңгіме)

Қоңыр домбыраның тол­қынды сазына қосыла көңілді тербеп әсем ән шырқалуда, иә, кәдімгі өзіміз күнде есітіп жүрген, құлаққа сіңісті болған көңілді-ақ ән, бірақ, бірақ… мына айтылуы бөлек… Иә, иә, айтылуы бөлектігі ғой – жүрегіңді сыздатары… Содан болар, әуеннің өне бойына мұң толып кеткен бе дерсің, әлде шер ме екен, бәлкім…  Кім білген?.. Әйтеуір, бөлек саз.

«Ай, алла-ай, құдайым-ай…» дейді үлкендер, «Пәлі, сілте», дейді қатарлары, ал екі көзден су қараңғы боп айырылған ғаріп жан ән салып отыр.

Асыл бір жорға мінгенім,

Жасыл бір жайлау жүр­генім…

Жасы әлі қырыққа тола қоймаған ғаріп жан… Ұзын бойлы, ақ сары, келбетті, тол­қынды сарғыш шаш кейін қайырылған, салалы сау­сақ­­тары домбыра ішектерін баппен іледі, әдеміше ұзын қастары ән әуеніне орай дір ете қалып, билеп кет­кен­дей болады кейде, кір­піктер жұмулы. Күнге көп шық­пағандыкі ме, әлде мұң мен қападан ба, көз айналасы сәл көгіс тартып, ат жақты жүзі өзгеше ақшыл боз түрге енген. Ол кірпіктерін жұмған күйі әнімен мына жарық дүниеге ынтықтығын, жете алмаған арманын, бәлкім, тағдырға мұңын, жанын күй­зелткен наласын, әлде, кеу­де толы өкпесін айтқысы келе ме?! «Ай, құдайым-ай» дейді үлкендер, неге екенін қайдам, көздеріне орамалдары жиі бар­ғыштап. «Пәлі, сілте» дейді қатарлары, неге екенін қайдам, өңдері мен дауыстары өзгере. «Иә, Алла… жаратқан-ай» дейді әжем, неге екенін қайдам, мүсіркеген үнмен.

Келесі бөлмедегі қо­нақтар негізінен әйелдер, егер зәуқайым жолыңыз түсіп дәл сол сәтте, дәл сол бөлмеге бара қалсаңыз, осы өлкедегілер жеңсіз атандырып жіберген қамзолдарына қарсы ілгектерді төрт-бес қатардан қадаған ки­ме­шек­ті кемпірлерді де, осы өлке­дегілер бұрмаша атан­ды­рып жіберген жаулық тарту үлгісінің сәнін келтіре сызылған кексе әйелдерді де, ақ орамалды жас келіншектер мен қызыл орамалды қыз­дарды да кездестірерің ақи­қат. Орталарында он литрлік самаурын, соғыс жыл­да­рын­дағы шайды талқы ішудің заманы келмеске кеткен, дас­тархан толы бауырсақ, құрт пен ірімшік, мәмпәси, ескі салт-дәстүрге тыйым салған үкімет саясатында шаруалары жоқ, 1960 жылдардың бел орталарындағы сәуірде ерек­ше күйге ене әңгіме соғып, гуілдесіп отыр, айт мейрамы болғасын, енді қайтсін. Әңгіме сәл тына қалғанда естіліп қалар шолпы сылдыры мен самаурын ызыңы да  осы отырысты қоштағандай ерекше сәнді-ақ.

– Шырқауын… Жігітің үзіл­діреді-ау… Алла-ай, де­сейші, осы өңірде кешегі бір кезде Балташқа жетер жігіт бар ме еді? – деп, күбірлей сөйледі көрші кемпір, кімге айтқаны белгісіз.

– Апыр-ай, асы болсам қайттым, қорықтым құ­дай­дан, бірақ, Жамалдың қарғысының қаттысын қа­рашы. Кәпір неме, жап-жас, өрімдей жігітті су қараңғы етті де қойды, – деп, бәлкім, саусақ толы күміс жүзіктерін көрсеткісі келді ме, жасы елуден асса да қызылы қайтпаған бетін сұқ саусағымен емес, төрт саусағымен сыза  сужұқпас Ұлия ұзын-сонарға сала бастап еді, ауылдың Бибі апасы атанған кейуана тыйып тастады:

 – Тек!… Аузыңа келгенді айтып… Бала отыр, келін отыр деген… Сол оқиға болған жерде өзіміз де болдық қой. Бәрі бір құдайдың қолында… Жамалдың қарғы­сынан дей­сің бе, бұлай болуы мұ­ның ісін Алланың да құп көрмегені де.

–  Иә-ә, құдайды ұмыттық, дәмнің кепиеті барын ұмыт­тық, кешегі аштықты ұмыта бастадық, бұл тоқтық дегенді көтере алмаса, бір нәрсеге ұрындырады ғой. Бұл да сол болды, нала дейсің бе, наза дейсің бе, әйтеуір, болды ғой бір шаруа көз алдымызда. Үмітін тірлігіне талшық етіп жүрген оны қатты налытты ғой… Несін айтасың… «Жерде жетім жыласа – көкте періште қайғырады» деген, Жамал сол жалғыздықты тәңіріден тілепті ме?!

Жасы алпысты алқымдаса да қыз күнінде Арал-Ырғыз өңіріндегі жігіт атаулы ынтық болған ажарын жоғалта қой­маған Қалам кемпір де әңгіме өрмегін әрі жүгіртті. Тағы да Бибі апаның дауысы естілді:

– Жұрт айтса, сенбес едік, өзіміз сол жерде болдық қой, көзімізбен көрдік, бұл құдіреттің ісіне не дерің бар ма, оның көзі бір сәтте көрмей қалғанда тіпті депутат, камунис, құдайды аузына да алмайтын Күлше қатынның өзі «Алла-ау, кеше гөр! Неден жазып қалдық?» деп жылап жіберген жоқ па? Жалпы, Алланы, аруақты ұмытпаған, қиянаттан аулақ жүрген жөн ғой, пенденің нақақтан төгілген көз жасы қай кезде де далаға кетпеген ғой.

Ал ән тоқтар емес, ол өзге дүниені ұмытқан сияқты, әні – өзі, өзі – әні болып, қиялымен басқа бір әлемді кезуде. Сірә, ән салушының бәдіктеу     қатар-құрдастары болса керек, оның қасындағы түрі қазақтан гөрі өзбекке  көбірек келіңкірейтін келін­шегіне ымдап, көз қы­сушылар да бар.  Ал, ғаріп жан ән салып отыр…

Асыл бір жорға мінгенім,

Жасыл бір жайлау жүргенім…

***

Күллі әлем қайғыдан қара жамылып, жарты әлем отқа оранған, оқ пен оттан қара жер қақ айырыла күрсінген, бейбіт күнге ынтық адамзат баласы жабыла лағнет айтқан қаһарлы соғыстың біткеніне де алты-жеті жыл өткенімен, ел әлі бойын тіктеп кете алмай отырған тұс еді бұл. Қатар қона қой төлдету науқанын өткізген «Сазды» колхозының үш-төрт ауылы «Бектұрсын бөгеті» маңында шілдеге шейін қоныс тебе сүт жоспарын орындауды межелеген кез болатын-ды.

Май айы туысымен бұл өңір ерекше күйге еніп, түрлі шөптің иісі адамзатты да, хайуанатты да еліте мас қылар еді. Әсіресе жусан иісі бағзы замандар жұпарларындай ерек­­ше рахатқа бөлей де­неңе сергектік сыйлар еді, сергектік сыйлар еді де көңі­ліңе қанат бітірер еді. Дәл сол өңірге дәл сол кезде жолыңыз түссе, көк шөптің өзі алыстан көк теңіздей толқи көрініп, шуақты күн ерте гүл ашқан құртқашашқа, енді бас ала бастаған сүттікенге, лүп еткен желдің өзіне де билей жөнелер бітік өскен селеу мен еркек шөпке мейірлене көз тігетін. Бір шырқап, бір тоқтап, тына қалар құстар үнін тыңдаған жанның «Апыр-ай, мына кере­метке құс екеш құстарға шейін мас қой» дері анық шақ еді бұл.

Бұл төрт отардың төртеуі де саулық қойлар болатын-ды, әр ауыл тұсындағы көгеннің көлемі де әжептәуір үлкен-ақ. Түс мезгілі жақындасымен күнде ауылдың екі бетіндегі екі биік төбеге екі адам қатар шығар еді, шығар еді де екеуі екі бағытқа ұзақ-ұзақ қарар еді. Табиғат-ананың ерекше бір мейірлі осындай шағында көңілдене қимылдап, енді аз-маз тынығуды ниет қылғандар күнде осы екеуіне кезек-кезек көз сала отыратын-ды.

Колхоз орталығы – Сазды жақтағы төбе басына шыққан кісіге қараған ондаған жа­нарда ұнатпаушылық тұн­са, батыс бетке – «Сексеуіл» стан­сасы жақтағы төбеге шыққан кісіге қараған жанарлар үміт пен мүсіркеуді аңғартатын. Сазды жақтағы биікке ақ шетен қалпақты шығар еді де, Сексеуіл жақ­тағы биікке ақ жаулықты шығатын. Ауылдағылар ақ шетен қалпақтының сіресіп тұрғанын көрер еді де, ақ жаулықтының сонау алыстан сағыммен көтеріле, бұлдырай жылжыған  пойыздарға  күн сала қарағанын сезер еді. Иә, колхоз орталығынан шық­қан атты жолаушының да, «Сексеуіл» стансасынан шыққан аттылының да бір қара көр­сетер, шаң берер шамасы осы – түс  мезгілі болатын.

Біраздан соң екеуі де екі жақтан ауылға беттер еді, екеуінің де көзі бәрінен бұрын сүт қабылдайтын үй алдындағы сәкіге төңкеріле қойған, күн сәулесімен шағылыса жалт-жұлт еткен кішкене топа­тай­ларға түсер еді.

Иә, екеуінің де көзі төң­кере қойған, күн сәулесіне шағылыса жалт-жұлт ет­кен кішкене топатайларға тү­сер еді де, екі санада екі түрлі ой бой көтерер еді, екі кеуде екі түрлі сезімге шомар еді.

Төбеден бері түскен шетен қалпақты колхоз орталығы жақтан өкіл көрінбегеніне іштей разы. «Әтәңңә-нәлет… Келмесе, кергендесін… онсыз да сүт планын орындаймыз. Құдайға шүкір, ырысы жаман емес екен, анау астындағы боз жорға, мынау  үстіндегі ылғи таза матадан тігілген киім, аяқтағы хром етік, қызмет десең қызмет бар, бір перменің шатауаты, Рсекең сөзінде тұратын адам ғой, бұл сүт планын орындаса управ болайын деп тұр. Ал, әйел десең, осы колхоздың маңдайалды аруына үйленді, өзі оның үстіне Герой тру­даның қызы. Кім қарсы келер екен енді маған…» Оның көзі қарсы беткейден ауылға қарай құлап келе жатқан әйелге түсті. «Осы кемпір-ақ… Әтәң…ңә-нәлет… Жалмауыз ғой, нағыз жалмауыз… Шалын бір жұтты, баласын екі жұтты… енді келіп, жүрісі анау, өтірік… елдің көзіне нағыз пәк жүректі ана болып көрінгісі келеді… Мүләйімсіп, күнде төбеге шығады… Жалғыз ұлды күтіп жүрген сиқы… Онысы соғыста әлде­қашан… бұл уақта сүйегі қурап қалған болар… Әнжі… Әнжі ғой бұл… Бәрін жорта істейді… Сонысына қарамай турашыл болғысы келеді. Әділін айтатын адам болмақ сиқы… Басқармаға қарсы айтады, еще… Осы жұртта ес жоқ қой… ес жоқ сәпсім… ылғи маласөл ғой… Осыны әулие көреді, осы айтса, бас­тарын жұлғып, көздерін жұмады… Ай, Рсекеңдікі дұрыс, не дегенмен ел басқарған, халық басқарған, ауданға  беделді басшы емес пе, несін айтасың… бұл әнжі… тошны әнжі… Оның үстіне әлгі капут болып кеткен баласы мұның қазіргі келіншегімен үйленетін болып уәделескен дей ме… Сболыш-ай, ә?! Оның сол капут болып кеткені дұрыс болған. Әй, құдай да біледі ғой кімді құртарын… Тү-у… Әтәңңә-нәллет-ай…».

Қарсы беткейден бері түсіп келе жатқан әйел жас шамасы елуден асса да ширақ қимылдай ауылға бет бұрғанда, арғы тұстан ауылға келе жатқан шетен қалпақтыны көрді, алайда, ойы одан гөрі біріне түскен күн сәулесін екіншісі қағып алып ойната, қатарласа тізіліп жалт-жұлт еткен топатайларға ауа берді. «Жалтырауларын… Өй, әкелері сол, жалтырай беріңдер… Елдің ырзығын, несібесін, ағын құйғасын жалт-жұлт етпей қайтсін… Қара қазан мен сенен қасиетті не бар дейсің бізге… Баяғыда ма еді осы, әлде кеше ме еді, әй, жасы құрғыр-ай, қазір тіпті ұмытшақ болып барады, Мақсұтжаны сүт сауып келе жатқанда том­паңдап қарсы жүгіретін еді-ау, жүгіріп келетін де мұрны пысылдап, топатайдағы жаңа сауылған сүтке бас қоятын. Күні бүгінгідей көз алдында, жаратқан жан ием-ау, сол кезде бүкіл дүние исініп жүре беретін еді ғой, анадай жерде мұртын сылай жымиып, бұ­ларға шуақты мейірмен көз сала отағасы тұрар еді. Бұл болса алпыс екі тамыры иіп, пейіште жүргендей болар еді. Ой, дүние-ай…».

Ол көкірек жара күрсінді. Көмейге өксік тығылды, кеу­десі от болып бара жат­қандай. Ойына қыстауда отырғанда келген Ақбақсы түсті. Бұдан Мақ­сұтжанынан ең соңғы рет почта арқылы 1943 жылы хат келгенін, сонан соң соғыс бітерде біреудің мөрсіз, әді­ріссіз хат әкеліп бергенін, онда баласының «қоршауға түстік» дегенін сұрап алған соң, бір нәрселерді күбірлей айтып, әулие-әмбиелерге, ар­уақ­­тарға сыйына отырып құ­малақ тартқан-ды. Айтқаны қате кетпейтін көріпкел сонда бұған: «Балаң тірі, бәйбіше, бірақ ұзақ күтесің. Алыс-алыс елдерде жүр, түбі келеді» деген  еді. Бұл сол күні қаптың түбін қағып, бауырсақ пісіріп, көрші екі-үш үйге «құдайы» беріп жіберді. Иә, жаратқан ием, оның аузына да өзің салған боларсың,  әумиін!  Иә, содан бері, жо-жоқ, қателесіп барады екен, содан бері емес екен-ау, соғыс бітуге жақындағаннан бері мейлі қыстауда, мейлі жайлау­да болсын, күніне бір мезгіл қырға шығып, «Сексеуіл» стансасы жақ бетті бақылауды әдетке айналдырған-ды.  

Бұл кезде киіз үй мен жаппа қос аралығына шып­тадан іс­телген көлеңкеде де­малушы бес-алты кол­хозшы  арасында  желісі өзгелеу әң­гіме басталған еді. Досжан жылқышы қасын­дағы шоқша сақалдыға кейістік таныта сөз бастады.

– Әй, Жұма, мына Бал­ташқа не болған, өмір бойы үй­­леріңнің іргесі ажырамаған көршісіңдер, айтпайсың ба дұрыстап, Жамалды қажай бермесін. Кеше осында келгелі байқағаным, жігітке кеуде біткен бе, немене, шешесіндей адамға қаралай тиісіп, «Балаң неміске сатылып кетті дегені» қай тантығаны? Күйеуі қандай еді мұның, Мақсұты қандай еді, өй… бір төре болып өсіп келе жатыр еді… Соғыс тамырын қопарып түсті ғой. Ал, мына сасық күзендікі не десейші…

– Айтуын, айтып жүр­мін, бірақ  башкасының бұран­дасы босап кеткен-ау, қонбайды. Оның үстіне колхоз бастық та шабына түртіп қояды, «Өзі қашайын деп тұрған қоянға «тәйт» дегесін не оңсын». Көп азамат пронттан қайтпады, сосын бұл құтырмай, кім құтырсын? Ана келіншегімен Мақсұттың арасында бірдеңе болған ба әнеу жылдары, әй­теуір, мына шатауат Жа­малды көрсе қылғынады да қалады…

Осы кезде үй ірге­сінен кереге сағанағы сар­тылдады, сірә, іштен көсеу­мен ұрғылаған болар, оған қабаттаса адуын Ақмон­шақ­тың ашулы дауысы шаңқ етті:

– Әй, сақалдарың шо­шаң­дап не деп күңкілдеп отыр­сыңдар, қыртығаннан басқаға шамаларың келмеді-ау, еркек болғандарыңның, одан да қам­шымен ол итті осып-осып алмай­сыңдар ма? Кеше су алуға барғанда Жамалды ат кеу­десімен соғып, басып кете жаздапты, өңшең дарақы.

Екі шал етектерін қақты. Жұма әзілге сүйеді: «Досеке, тезірек ауызды жабайық, әйт­песе мына пері үлкен дәретке кетіп қалып жүрер». Осы сәтте шетен қалпақты да, ақ жау­лықты да ауыл шетіне іліккен-ді, шатауаттың ай­қайы қоса шықты:

– А, ну-ка, тұрыңдар, ыл­ғи нахалдар, ойбай-ау, са­уын­­ның уақыты өтіп кетті ғой. Үкіметке қарсысыңдар ма?! Кәні, қарсыларың шық бері! Жатыстарын шәниіп, жау­сыңдар ма немене?… Пәшесті жеңдік, сендер неме тұрасыңдар оның қасында… Саулықтардың тұрысы анау маңырап, осыдан келіп, желін тартылады, сүт қайтып кетеді, а, ну-ка, тұрыңдар…

Топатайлар салдырлады, са­уыншылар мен қозы ағы­тушылар көгенге беттеді, шетен қалпақты үйіне қарай адым­дады. Адымдап бара жатып, Жамалға сыздана көз тас­тады, «Сен мыстанды ма, сен мыстанды, тап бүгін берермін сазаңды…».

***

Қозы түгел көгенделіп, қойларды жақынға бір жайып алар уақыт. Осы сәт сүтке тойған көгендегі қозыларға көзің түссе, мойындарынан түрлі-түсті мата қиындыларын көрер ең, ал саулықтар үстінде де дәл сондай мата қиын­дылары бантикше көрінер еді. Саулыққа да, қозыға да бір түстес матадан белгі байлау, сауыншылар мен қозы ағытар балалар әрекетінің жемісі, себебі, осындай белгімен олар қозыларды енелерімен тез табыстырар еді. Иә, қозы табыс­­тыру, қозы салу да бір өнер, қой келген кездегі ызы-қию маңырау мен шу да – бір әсем сәт.

Жердің оты сондай, отар­лар бөгеттен алысқа ұзай қоймайды, қойшыларға да рахат күн туған, биіктеу қыр басына шығып, бір-бір айқайлап қояды да, шоқытып барып ауылдан шай ішіп келеді, тек отарлар қосылып кетпесе болды, барлығы жай. Сауыншы әйел­дер топатайларын ұстай сүт сақтайтын үйге қарай беттеген кезде боз жорғаны ауыздыққа сүйей шатауат та жетті.

Құмды жер ғой шаң кө­терілді де, көтерілген шаң желге ілесе сауыншы әйелдер үстін жапты, әйелдер үстерін қақты. Саулықтар ығыса қоз­ғалып, көген бір қозғалып ба­сылды.

– Қырасың ба? – Ақ­мон­шақ шап ете қалды.

Папиросын түтіндете бір ерініне қыстырған шатауат керги сөйледі:

– Пірәберкі..! Кәні, сүт­теріңді көрсетіңдер, сендер сүт ұрлап жүрген сияқ­ты­сыңдар. Үкіметтің планымен жұ­мыстарың жоқ. Есіл-дерт­терің тек ұрлық, пайда табу. Солай… Пірәберкіні, әй, кемпір сенен бастаймыз…

Шатауат Балташ Жамалға тіктелді. Ол болса қолындағы сүт құйған топатайын ер үстінде бір жамбастай ке­кірейе отырған шатауатқа көтеріп көрсете берді:

– Шыққаны осы болды, балам… Алғашқы сауымдай емес, түс кезінде сүт аз болады ғой.

– Әй, сен мені үйреткің келіп тұр ма? Мен де білем қанша сүт болатынын. Ұрла­ғансың. Тошны, ұр­ла­ғансың. Әйтпесе бір кө­ген­нен… целый бір кө­геннен мынадай-ақ сүт шы­ғатын ба еді. Үкіметке қар­сысың сен…

– Шырағым, ондайыңды қой… Бар шыққаны осы…Тәңір куә.

– Өзіңнің де, тәңіріңнің де әкесінің аузын … Оны несі маған…

Оны ашу кернеді, мына кемпірді бір тұқыртып ала­тын кез жеткендей сезілді. «Көрсетейін мен саған Бал­таштың кім екенін…» Шатауат оң аяғын үзеңгіден шығарып алды да, кемпір қолындағы топатайды шірене тепті. Топатайға тиген етік дыбысы шығысымын жел де ішін тарта қалды, бейне табиғат та бір жаманшылықты сезгендей, мына тіршіліктің барлығы жоқ боп кеткендей маңайда өлі тыныштық орнай қалды. Боз жорға әлденеден шошынғандай ауыздығын шайнай бір бүйірге ала қашты. Сірә, текті жануардың мұндай оқиғаға алғаш кезігуі болар, ышқына кісінеп барады. Жұрт шу етті. «Жазғанның сүтті тепкені несі?!».

Тізгінді бір езулей тар­тып, Балташ әлгі жерге қайта оралды. «Кемпірді неге қамшымен бір тартып жібермедім, ә? Өзі қолға түсіп тұр еді ғой» деген ой оны әлгі жерге қайта әкелген болатын. Қанталап кеткен көздерімен кемпірді іздеді. Ол тізерлеп отыр екен, ал сүт… Сүт пе, ой,   Алла-ай, құмға сіңбестен аппақ болып тұна қалыпты. Мұнысы несі?! Әншейінде төгіп жіберген бір шелек суың көзді ашып-жұмғанша сіңіп кетер құмшауыт жер еді, ал, сүт үш-төрт жерден бүлк-бүлк еткені болмаса, сіңер емес.

Жамал басын көтерді, осы сәт бір шөкім қап-қара бұлт күн бетін көлегейлеген еді, кемпірдің оқты жанарына көзі түскен шатауаттың жүрегі дір ете қалды. «Астапыралла, мынау көз бе, әлде… әлде атқалы тұрған мылтық па… Жо-жоқ, мынау одан да өткір, одан суық бір бәле ғой?!» Тез  жанарын тайдырып әкеткен оған осы ойдың келуімен ілесе Жамалдың баяу, бірақ мидың қуыс-қуысын аралап кетердей зілді үні естілді:

– Ақты тептің-ау, ақты төктің-ау, аруақ-құдайды ұмыт­тың-ау, қасиетсіз-ай, ақты төктің-ау, онда көзің де дәл осындай аппақ болсын, шы­­рағым!

Боз жорға тағы да ала қашты, тағы да кісі шо­шырлық дауыспен кісінеп барады,  әлгі бір шөкім бұлт та бейне «Бәленің бәрі сенен» деп ізінен қуып бара жатқандай, жорға үстіндегі Балташқа қарай ығысып барады. Жамал орнынан тұрып анадай жерде жатқан топатайды алды да, жеңімен шаңын сүртті.

Жұрт самсоз, ол үндемеген күйі жүзінен азап пен қасірет табы сезіле аппақ болып тұна қалған сүтке қарады. «Жаратушы, жан ием, ата-бабам­ның аруағы-ау, өзің кеше гөр пенделеріңнің күпірлігін».

Сүт сол тұнған қалпы, құмға сіңе қояр түрі байқалмайды, бұл кезде шығандап кеткен боз жорға ауылға жақындап келе жатқан-ды. Есті жануар бір жаманшылықты сезгендей жанұшыра кісінейді, адам­дардан көмек күткендей топқа қарай тіке тартып келеді.

Иә, содан соң… Содан соң ел болып жүріп боз жорғаны қаумалай ұстап шатауаттың үйі жанындағы қазыққа әкеліп байлады. Балташты аттан түсір­генде өңі қуқыл тартып, тұтыға сөйлеген болатын:

– Ө-өзі.. не.. боп к-кет-ті. Ищ-щай не-неткен тас қараңғы түнек еді.

***

Қоңыр домбыраның тол­қынды сазына қосыла ән шырқалуда, күнде есітіп жүр­ген, құлаққа сіңісті болған көңілді ән, бірақ, бірақ мына айтылуы бөлек… Иә, иә, ай­тылуы бөлектігі ғой – жүре­гіңді сыздатары… Әуеннің өне бойына мұң толып кеткен бе дерсің, әлде шер ме екен, бәлкім…  Кім білген?.. Әйтеуір, бөлек саз.

 «Ай, Алла-ай, құдайым-ай» дейді үлкендер, «Пәлі, сілте», дейді қатарлары, ал екі көзден су қараңғы боп айырылған ғаріп жан ән салып отыр.

Асыл бір жорға мінгенім,

Жасыл бір жайлау жүр­генім…

…Иә, көз алдыңда осы бір сурет пен құмға сіңбей кілкіген сүт, құлағыңда осы бір әуенмен қабаттаса естілер шошына кісінеген боз жорға үні мен «Жаратушы, жан ием-ай, ата-бабамның аруағы-ау, өзің кеше гөр пенделеріңнің күпірлігін» деп күбірлеген кейуана даусы.

Алдажар  ӘБІЛОВ.

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<