Яхия Тасыров – аңыз бен ақиқаттың тірі куәсі. Қызылорда облысынан Ұлы Отан соғысына қатысқан 150 мыңға жуық адамнан арамызда қалған жалғыз жауынгер. «Қызыл Жұлдыз», І-ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерінің, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», Ұлы Жеңістің мерекелік медальдарының иегері, Қызылорда облысының құрметті ардагері, Сырдария ауданының құрметті азаматы. Біраз мәліметте туған жылын 1922 десіп жүр, бұл кісінің өзі 1921 деген болатын. Қалай десек те, биыл жасы 105-тен асқан «Ғасыр адамымен» сөйлесудің ғанибеті маған мәлім.
Біз соғыс жайлы жазамыз, бірақ көрген жоқпыз, сондықтан бұл тақырып бізге аңыз, ал ақиқатты көргендер біледі.
Көрмегесін 9 мамырда отшашу атып қуанамыз, біз үшін Жеңіс күні – мереке. Яхия ата болса бұл күні көзіне ыстық жас алады, көкірегіне ащы запыран келеді. «Биыл Жеңіс күнін тойлағалы сексен жылдан асты, менің де жылағаныма сексен жылдан асты», – дейді атамыз. Оның көз алдында арманының астан-кестені шыққан қанша боздақ оққа ұшты. Он сегіз-ақ жаста еді ғой солар, сонда сәндеп шаш қайырып, қырлап шалбар киетін, жейдесінен әтір иісі бұрқырап шығатын кездері. Олардың қомыт-қомыт күпәйкесінен оқ-дәрі иісі мүңкіп тұратын. Бір жас үлкен Яхияны аға дейтін еді-ау.
…Он екі жасында әкесі ашаршылықтан қайтыс болып, шешесімен бірге өзбек жеріне ауып барған бала Яхияның ол жақтағы көрген азабының өзі ауыр, әйтеуір тірі жүрмін деген бір күн еді. Базарға барып қол жайып, біреудің жесін деп берген алмасын аузына салмай сатып, үйіне нан алып барған кезінің несін айтасың.
«Жетім қозы маңырар да отығар» деген, содан ер жетіп, Ташкентте текстиль оқуын оқып, 1941 жылы фабрикада жұмыс істеп жүргенінде соғысқа аттанды.
Москваны қорғауға кірді. Танк өткізбеу үшін орман кесіп, окоп қазды. Бірақ аспанмен самолеттер өтіп кетіп, ызыңдап кері қайтатын. Гитлер Мәскеуді бомбаламаңдар деп бұйрық беріпті, өйткені Герман рейхінің фюрері бүлінбеген қызыл Мәскеуде жеңіс шеруін жасаймын деп жоспарлаған. Осы сұмдықты тоқтатқандар қатарында зеңбірек отрядының командирі, кіші сержант Яхия Тасыров та бар.
Тау-тас емес, жоны ысып,
Адам жатыр соғысып.
Бұл не зауал, қасірет,
Бас домалап, қол ұшып, – дейтін соғыс болды.
Мұнан әрі Сталинградты қорғауға қатысты. Бұл майданда пулеметшілер ротасына түсті. Сталинградты қорғау шайқасы ең сұрапыл соғыстың бірі болды. Қаланы алу үшін жау әрқайсысында 20 мыңға жуық адамы бар 14 дивизия әскерін төкті.
Әскерге келгенде Новосібірдің елу екі градус суығына тап келген жоғары жақтың балалары тұншығып қалған, беттері шүберек болып үлбіреп кеткен. Шын мәнінде бала екен ғой. Окопта жараланып, қансырап жатып: «Менің өлгенімді апама айтпай-ақ қойшы…» деп досына соңғы аманатын қалдырған қайран жас балалар-ай. Сонда апам жыламасын дегені ғой.
Сабағында шөп қурап,
Қабағында кек құрғап.
Самолеттер от сеуіп,
Пулеметтер ет турап, – дейтін соғысқа түсті солар, Сталинградта.
Нева бойындағы осы қандыөзекте немістер бір жарым миллион адам шығынымен бірге бір мыңнан аса танкісінен, мың жарым ұшағынан айырылып, генерал-фельдмаршал Паулюс қолға түсті.
Осылайша, Сталинградты, Курскіні, Польшаны жаудан қорғаған жауынгер Яхия Тасыров 1944 жылдың аяғында он бір мың адамдық дивизия құрамымен Германия жеріне кірді.
Бір ғана Курскі түбінде төрт миллион жауынгер жер құшып қалды.
Жаңбыр орнына оқ жауған бір күні Яхия Данциг қаласы маңында ауыр жараланды. Снаряд оғы тиіп, бір аяғы етіне ілініп салбырап қалды.
Дереу дала госпиталіне жөнелтілді. Сонда қасына генерал келіп, қарап тұрды да: «Москваға жеткізіңдер», – деді. Генерал оның қандай жанкешті жауынгер болғанын түр-түсіне қарап таныды.
Москвада күрделі ота жасағанмен кәріжілікке кіріп кеткен жарқыншақты ала алмады. «Тұра берсін, – деді Яхия, – соғыстың қанша қасіретін көтеріп, бір жарқыншағын көтере алмаймын ба?», – деп дәрігерлерге қарап, қолын шекесіне қойып честь берді.
Көзімен көргеннен сөзімен айтқанға дейінгі аралықта қанша ақиқат аһ ұрып, қанша қасірет жай сөзге айналып кетеді десеңізші!
Енді соғысты сұрайтын адам жоқ, көзі тірі куәмен жүздесіп қалуға, батасын алуға мүмкіндік бар.
«Сұрасаң бата берейін,
Үстем болсын мерейің.
Сендер аман болыңдар,
Мен жүз онға келейін», – деп бет сипады, қарт солдат.
Біз аумин дедік.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»





