Аудан әкімі бірқатар маңызды мәселерге қатысты мәжіліс өткізді

7

0

Фото: Қазалы ауданы әкімдігі

Бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмаханов ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, макроэкономикалық межелердің орындалуы, инвестиция тарту, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, жұмыспен қамту және бюджет кірістерін ұлғайту, қоғамдық-саяси ахуал сынды бірқатар маңызды мәселелерге қатысты мәжіліс өткізіп, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Мәжілісте аудан басшысы алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен Мұрат Нәлқожаұлы Ергешбаевтың Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалуына байланысты өңірдің дамуына тың серпін беру, барлық салада нәтижеге бағытталған жүйелі жұмыстарды күшейту қажеттігін ескертті.

2026 жылдың алғашқы 3 айының қорытындысымен аудан көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасқанын атап өтіп, алдағы уақытта да қарқынды бәсеңдетпеуді тапсырды. Өнеркәсіптің өңдеу саласын дамыту, жаңа өндіріс көздерін ашу, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, тұрақты жұмыс орындарын құру және құрылыс нысандарын белгіленген мерзімде пайдалануға беру жөнінде жауаптыларға нақты міндеттер жүктеді.

Мемлекеттік бағдарламалар аясында бөлінген қаржыларды уақытылы әрі тиімді игеру, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін заң талаптарына сәйкес ұйымдастыру мәселелері де қатаң бақылауда болу керектігін айтты.

Жиында қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау, әлеуметтік желілерге тұрақты мониторинг жүргізу, тұрғындармен кері байланысты күшейту және халықты аудан көлеміндегі жағымды жаңалықтармен тұрақты ақпараттандыру мәселелеріне де ерекше назар аударды. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында аудандық полиция бөліміне күнделікті күшейтілген режимде жұмыс жүргізу тапсырды.

Мәжіліс соңында аудан әкімі елді мекендердегі тазалық, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жүйелі ұйымдастырудың маңыздылығына тоқталып, кент, қала және ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар берді.

Мәжілісте берілген әрбір тапсырманың сапалы әрі мерзімінде орындалуы тікелей өзінің бақылауында болатынын қатаң ескертті.

Қазалы ауданы әкімдігі