Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №60 мекемесінде тыйым салынған заттарды өткізу әрекетінің жолы кесілді.
Мекемеде ұрлық жасағаны үшін жазасын өтеп жатқан сотталған азаматқа туысы сәлем-сауқат әкелген. Алайда жедел ақпарат негізінде жеткізілген азық-түлік пен басқа да заттар мұқият тексеруден өткізілді.
Тексеру шаралары барысында ҚАЖ департаментінің өзіндік қауіпсіздік қызметкерлері мен ҚР Ұлттық ұланының 5547 әскери бөлімінің әскери қызметшілері нанның арасына жасырылған екі ұялы телефонды тауып, тәркіледі.
Аталған дерек бойынша сәлем-сауқат әкелген азаматқа қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабының 1-бөлігі негізінде әкімшілік материалдар жинақталып, сот қарауына жолданды.
Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті азаматтарды заң талаптарын сақтауға шақырып, мекемелер аумағына тыйым салынған заттарды алып кіру немесе өткізу әрекеттері заңмен жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.





