Өткен айда қай көлік маркалары көбірек сатылды

717

0

Әлемде жаңа автокөліктердің сатылымы 6 пайызға артты. Қазақстан нарығында жыл ішіндегі өсім 9 пайыз болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Energyprom ресурсына сілтеме жасап.

Қазақстанда биылғы шілде айында 11,6 мың жеңіл көлік пен жеңіл коммерциялық техника сатылған. Бұл ретте 2021 жылғы шілдемен салыстырғанда 9,1 пайызға артты.

Қазақстанда шілдеде сатылған жаңа көлік саны бойынша Chevrolet маркасы көш бастады. 4 мың автомобиль өткізіліп, 2021 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 29,4 пайызға өсті.

Одан кейінгі орында 2,6 мың көлігі сатылған Hyundai ( 29,6% өсті) тұр. Осы үштіктің құрамына Kia маркасы да енген, 1,4 мың жаңа автомобиль өткізілді.

ТОП-5 арасында Toyota (903 автокөлік, былтырға қарағанда 24,7% аз) және Lada (675 автокөлік, 30,3% артық) бар.

LMC Automotive мәліметінше, биыл шілдеде әлем бойынша жеңіл көлік пен жеңіл коммерциялық техниканың сатылымы 6,9 миллионға жеткен. Бұл көрсеткіш 2021 жылғы шілде айына қарағанда 5,8 пайызға көп. Осы орайда негізгі өсім Қытайға тиесілі болды. Бұл елдің үлесінде сатылымның үштен бір бөлігі қамтылды, яғни шілдеде 2,5 миллионға жуық жеңіл көлік пен жеңіл коммерциялық техника өткізілді.

Одан кейінгі орында тұрған АҚШ-та 1,1 млн жаңа автомобиль сатылды. Дегенмен 2021 жылғы шілдемен салыстырғанда бұл көрсеткіш 11,6 пайызға аз болды.

Ал Батыс Еуропадағы жаңа көліктерді саудалау деңгейі 8,9 пайызға азайған, шілде айындағы көрсеткіш – 910,1 мың көлік.

Автомобиль өндірісінде бөлшектердің тапшылығы жаңа көліктерді жеткізу көлемін қалпына келтіруге тосқауыл болып тұр.

Еуропа бизнесі қауымдастығының мәліметінше, 2022 жылдың шілдесінде Ресейде жеңіл көлік пен жеңіл коммерциялық техниканың сатылымы 32,4 мыңды құрап, бұл көрсеткіш былтырғы сәйкес кезеңге қарағанда 74,9 пайызға аз болды. Ал Беларусьте осы көрсеткіш бірден 79,4 пайызға, 837 автокөлікке дейін төмендеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<