Пара алуға итермелеген мемқызметкер ұсталды

250

0

Қызылорда облысының әділет департаментінің ішкі қауіпсіздік мәселелеріне жауапты лауазымды тұлға ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тергеуді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Қызылорда облысы бойынша департаменті жүргізуде.
«Ол адам өз қызметтік борышы бойынша мемлекеттік мекемеде сыбайлас жемқорлық көріністерінің жолын кесуге міндетті болған. Алайда ол кері әрекет жасаған. Нақтырақ айтқанда, бір мемқызметшінің үстінен қозғалған істі қысқартуға уәде беріп, істі жабу үшін СЖҚІҰБ-ның лауазымды тұлғаларына 5 млн теңге бергізбек болған. Ұсталған Қызылорда облысының әділет департаментінің ішкі қауіпсіздік мәселелеріне жауапты лауазымды тұлғаның үстінен алаяқтық және пара алуға итермелеу қылмыстары бойынша айып тағылды», – делінген хабарламада.
Кінәсін толық мойындауына байланысты сот санкциясы бойынша күдіктіге қатысты «үйқамаққа алу» түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданған. Тергеу жалғасуда.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<