Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында қала әкімдігінің ұйымдастыруымен бильярд және үстел теннисінен турнир өтті. Спорттық шараның мақсаты – журналистер арасында салауатты өмір салтын насихаттап, әріптестік байланысты нығайту.
Турнирдің ашылу салтанатында қала әкімінің орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов сөз сөйлеп, қатысушыларды кәсіби мерекемен құттықтап, жарысқа сәттілік тіледі.
Алдымен ер-азаматтар арасында өткен бильярдта журналистер шеберліктерін сынап, тартысты әрі қызықты ойын өрнегін көрсетті. Әр кездесуде ойыншылардың дәлдігі, сабырлылығы мен жеңіске деген ұмтылысы байқалып, бәсеке жоғары деңгейде өтті.
Турнир қорытындысымен Қызылорда қоғамдық телеарнасының қызметкері Ержан Батыршаев жеңімпаз атанып, І орынды иеленді. ІІ орынды «Qazaqstan» ұлттық арнасының меншікті тілшісі Әділбек Жаханов еншіледі. Ал ІІІ орын «Qyzylorda» телеарнасының өкілі Жангелді Әлібаевқа бұйырды. Сондай-ақ жарыста белсенділік танытқан қатысушылар арнайы номинацияға лайық деп танылды. Атап айтсақ, «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Қуат Шарабидиновке, журналист Дүйсенбек Аяшұлына және «Халық» ЖШС бөлім басшысы Ерлан Бегалиев, «77» телеарнасының операторы Бақытжан Бегімбайға марапат табысталды.

Журналист қыздар да үстел теннисі турнирінде өздерін тек қалам шебері ғана емес, спорт алаңында белсенді әрі бәсекеге қабілетті екенін көрсетті. Жарыс қорытындысымен «Ақмешіт жастары» газетінің тілшісі Аружан Оралбай І орынды иеленді. Қызылорда қоғамдық телеарнасынан Гүлнұр Ерниязова мен Шапағат Торғай ІІ және ІІІ орынды өзара бөлісті. Аталған турнирде әріптесіміз, «Сыр бойы» газетінің аға тілшісі Сара Адайбаева ынталандыру сыйлығымен марапатталды.
Айта кетейік, бір күнде өткен қос турнирдің жеңімпаздарына қала әкімінің арнайы марапаттары мен қаржылай сыйлығы берілді.
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы»





