28 Маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне орай, аудан әкімі Жандарбеков Айтбай журналистерді қабылдап, құрмет көрсетті.
Аудан басшысы билік пен халық арасын жалғайтын алтын көпір атанған бұқаралық ақпарат құралдарының мемлекетіміз бен қоғамның рухани дамуына қосқан үлесі зор екендігін айтып, журналистерді кәсіби мерекелерімен құттықтады. Аудандық мәслихат хатшысы, ардагерлер кеңесі, әйелдер кеңесі төрағалары жергілікті қаламгерлерге шығармашылық табыстар мен биік белестер тіледі.
Бұдан кейін аудан әкімі «Өскен өңір» газетінің штаттан тыс тілшілері: Айтбай Жұмабек, Оразбек Жұмаділұлы, Мэльс Тоқтыбаевқа аудан әкімінің алғыс хатын табыстады. Жергілікті «Өскен өңір» газетінің редакторы Нүрболат Пірімбет пен «Шарайна–Сейхун» газетінің редакторы Нұрмахан Назымханұлына арнайы ұжымға алғыс пен сыйлықты табыс етті.
Сондай-ақ облыстық телеарна тілшілері Айдана Жұмадинова, Нұрдәулет Қалабек, оператор Талғат Әлменов те аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Мереке иелеріне гүл шоқтары мен сыйлықтар табыс етілді. Қабылдау барысында сөз алған газеттің ардагері Жұмабек Айтбай мен тұрақты оқырманы Мэлс Тоқтыбаев өздеріне көрсетілген құрмет пен ілтипатқа алғысын білдірді.
Мереке қарсаңында мерейі үстем болған журналистер аудан әкімімен бірге естелік суретке түсті.






