«Қарасора-2023» жедел алдын алу іс-шарасы басталмақ

971

0

Сурет ашық дереккөзден алынған

Ағымдағы жылдың 1 маусым – 31 қазан аралығында республика аумағында кең ауқымды «Қарасора-2023» жедел профилактикалық іс-шарасын өткізу жоспарлануда. Бұл кең ауқымды операция жыл сайын маусым мен қазан аралығында қарасора өсетін кезде өткізіледі.

«Қарасора» жедел алдын алу іс-шарасын өткізудегі негізгі мақсат – елдің оңтүстік өңірлерінен каннабис тобының есірткілерін дайындаумен және әкетумен айналысатын адамдарды анықтау, героин трафигі арналарының жолын кесу, сондай-ақ синтетикалық есірткіні таратуға мамандандырылған ұйымдасқан қылмыстық топтардың қызметін, заңсыз есірткі зертханаларын жою.

Қызылорда облысының Полиция департаментінде есірткіні тасымалдау барысында пайдалануы мүмкін жерлерді, ауылдық жолдарды ескере отырып, патрульдеу бағыттары әзірленді. Құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіру орындарын анықтау мақсатында арнайы мақсаттағы бөлімшелердің күштері мен құралдарын тарта отырып, Қызылорда облысы мен оған шекаралас аумақтарда әуе барлауы жүзеге асырылады.

Облыс аумағында 120 күндік мерзімде пісіп-жетілетін «үнді» қарасорасынан бөлек, соңғы 4-5 жыл көлемінде 55-60 күндік мерзімде пісіп-жетілетін «голландтық» сорты пайда болды. Осыған байланысты осы кезден бастап, есірткі өсіру деректерін анықтау жолында тиісті жұмыстар атқарылуда.

Жалпы, 2023 жылдың 4 ай 21 күнінде облыс көлемінде есірткінің заңсыз айналымына байланысты сотқа дейінгі тергеп – тексерудің бірынғай тізіліміне 74 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген, оның 9 дерегі есірткі затын сату, 6 дерегі есірткі затын аса ірі мөлшерде заңсыз сақтау және 5 дерегі құрамында заңмен тыйым салынған есірткі құралы бар сора өсімдігін егу, 1 дерегі есірткі жарнамалау. Сонымен қатар, ҚР ҚК-нің 296-бабында (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен, прекурсорлармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) көзделген қылмыстық теріс қылықтың 53 дерегі анықталған.

Заңсыз айналымнан барлығы 10 келіден аса есірткі заты алынды, оның 61 граммы гашиш, 109 граммы «меф», «PVP» синтетикалық есірткі заттары болды.

Есірткі алқаптарын анықтауда әуеден барлау үшін Ұлттық Ұланның әскери тік ұшағы жұмылдырылып, 15 рет әуеден шолу жүргізіліп, 6 есірткі алқабы анықталды. Оның ішінде Шиеліден – 3, Сырдариядан – 2, Қызылорда қаласынан (Тасбөгет) – 1 есірткі алқабы  анықталды.

Нашақорлық пен есірткі қылмыстарының алдын алу мақсатында Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы тарапынан алдын алу жұмыстары іске асырылуда. Облыс көлемінде түрлі шаралар, оның ішінде кездесулер, спорттық шаралар, сайыстар, барлығы 216шара өткізілді. Атқарылған іс-шаралардың 128 – үкіметтік емес ұйымдармен, 184 – мектеп инспекторларымен, ал 494 – жоғарғы және арнаулы орта оқу орындарында ұйымдастырылды. Жалпы ұйымдастырылған барлық іс-шараларға 8 мыңға жуық адам қатысты.

Айте кетерлігі, есірткі сату және тағы да басқа есірткі заттарына байланысты жасалып жатқан қылмыстар мен құқық бұзушылықтар жайлы хабарламаларды қабылдау үшін Қызылорда облысының Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасында 27-55-42 «Сенім  телефоны» қолданысқа енгізілген.

Қызылорда облысының Полиция департаменті ескертеді: құрамында есірткі заттары бар, тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіргені үшін қылмыстық жауапкершілік, сонымен қатар есірткі құралдары мен жабайы өсетін сораның тізбесіне енгізілген өсімдіктерді жоюға шаралар қолданбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Сондай – ақ, полиция қызметкерлері заңсыз егістер мен өсетін жерлер, құрамында есірткі бар жабайы өсімдіктер анықталған жағдайда дереу полицияға хабарлау қажеттігін ескертеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<