Қармақшы ауданының өз кірісі 2,2 млрд теңгеге жеткен

156

0

Фото: Облыс әкімдігі

Кешелі бері облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен аудандардың даму жоспарын қарау жөніндегі кеңес өтуде. Бүгінгі кеңесте Қармақшы ауданының алдағы даму бағыты, жүзеге асырылатын жобалар талқыланды. Аудан әкімі Жандос Еркінбек ұсынған әр жобаның тиімділігі, ең бастысы халыққа қажеттілігі сарапталды.

Аймақ басшысы Қармақшы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуындағы өткен жылдың қорытындысында байқалған оң динамиканы, бюджеттің игерілуіндегі жетістіктерді атап өтті.

«Қармақшы ауданының өсу динамикасы тұрақты. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 15,2 млрд. теңге немесе 113,8% болған, жұмысты жүйелеуде бюджет қаражатына ғана арқа сүйемеген. Бюджетті 99,1% игерген. Ауданның өз кірісі 2022 жылы 1,8 млрд. теңге болса, 2023 жылы 2,2 млрд. теңгеге өскен», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Ж.Еркінбектің айтуынша, Қармақшы ауданының бюджеті 2024 жылға трансферттер мен кредиттерді қоса алғанда 14,6 млрд. теңге болып бекітілген. Барлық кірістерінің 14,5 пайызын өз кірістері, 42,4 пайызын субвенция, 38,4 пайызын трансферттер, 4,7 пайызын несиелер құрайды.

Кеңесте ұсынылған жобаларға орай облыстық басқарма басшыларының пікірлері тыңдалды. Ауданда мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жүзеге асатын жұмыстар, құрылыс, инфрақұрылым, жол құрылысы, кәсіпкерлік салаларының беталысы талқыланды.

Аудан әкімі биылға жоспарланған көрсеткіштердің сапалы әрі уақытылы орындалуына жауапты. Ең бастысы тұрғындардың талап-тілектері, өтініш-пікірлері ескерусіз қалмауы тиіс. Ал облыстық басқарма басшылары «Ауыл – ел бесігі», басқа да ұлттық жобаларды іске асыруда, жолдарды жөндеу және салуда, инфрақұрылым желілерін әрі қарай дамытуда өздеріне жүктелген міндеттерді атқаруы керек.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<