Қармақшылық тұрғын қой бағуды кәсіп етуде

513

0

Қой өсіру – қазақ халқының ежелден келе жатқан ата кəсібі. Асылында қой шаруашылығы отандық агробизнестің негізгі бағыттарының бірі. Қорасы қойсыз болмаған қазақтың бүгінінде шопан ата төлінің шаруашылығы шалқаяқтап тұрғаны жасырын емес. Осы кенжелеп қалған қой шаруашылығын қолға алып, мал басын көбейтуді мақсат еткен төребайбилік Бақытбек Қазиевтің бастамасы көпке үлгі.

Иə, қой өсіріп, кəсіп бастаймын деушілерге мемлекет тарапынан түрлі қолдау бар. Сондай шаралар аясында кəсіпкерлік негіздерін тегін меңгерген ол анаубір жылдары қайтарымсыз грант ұтып, қой өсіруді қолға алады. Қармақшы аудандық «Атамекен» кəсіпкерлер палатасында жоба бойынша оқып, тиісті сертификатты иемденеді. Солай «Еңбек» бағдарламасы бойынша 555 мың теңге көлемінде грант ұтып алады. Бұл оның бизнес жоспарында көрсеткен мал шаруашылығының көкжиегін кеңейтуге үлкен жол ашты. 

«Ауылдың негізгі табыс көзі – мал шаруашылығы. Қолдан келетін істі неге жасап көрмеске?! Сөйтіп былтыр кəсіпкерлік бағдарламасымен оқып, бизнес жоспар жасадым. Жобамды үздік қорғап, қайтарымсыз грантқа ие болып, 10 бас гиссар тұқымды қой сатып алдым. Бұл қойлар тебіндікке мықты болып келеді. Қой бағу, мал өсіру біздің ата кəсібіміз емес пе? Жастайымнан малмен етене араласып өскесін мен үшін бұл шаруа ешқандай қиындық туғызбады. Алдымызға мал салып, еңбек етуге жағдай жасалып тұрғанда, мүмкіндікті жіберіп алуға болмайды», – дейді ол.

Бір қызығы Бақытбек Қазиев қойдың пайдасын айтып, кəсібінің негізгі көзі – жақындарының саулығында екенін жеткізді. Өйткені пандемия басталып, екі өкпені індет қысқан тұста жақын-жуығына баптаған қойын беріп, құйрық майынан дəм татқызған. «Аурудың алдын алу үшін осылай жасадым. Қой етінің пайдалысын ата-бабамыз сол кезде-ақ білген ғой» дейді ол сөз арасында.

«Мал өсіру оңай шаруа емес, маңдай терді талап ететін адал кəсіп. Ала жаздай жайлаудағы жанталас пен қыста қорадағы қарбалас барлығы қажырлы еңбек пен төзімділікті талап етеді. Малдың жем-шөбінің дайындығының өзі үлкен мəселе. Бірақ, «еңбекпен келген нан тəтті» демей ме?! Жанға лəззат берері де осы», – дейді ол.

«Мал өсірсең, қой өсір, табысы оның көл-көсір» деген аталы сөздің мағынасынтерең түсінген біздің кейіпкеріміз болашақта қой кəсібін кеңейтуді жоспарлап отыр. Мал шаруашылығымен қоса ауланы жасыл желекке көмкерген ол нағыз бағбандардың бірі. Бақшада өсірген түрлі жеміс-жидегі бүгінде жемісін беріп, көз қызықтырып тұр. Алпыстың арқанын керген Бақытбек аға зайыбы екеуі ұрпақ тəрбиелеп өсірген Төребай би ауылының үлгілі отбасыларының бірі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<