Қазақстандықтардың өмір сүру жасы ұзарады

319

0

2025 жылға қарай салауатты өмір салтын ұстанатын азаматтар үлесін 40%-ға дейін, өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа дейін ұлғайту жоспарланған. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы қабылданды. Онда қолжетімді және сапалы медициналық көмекті, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, профилактикалық, оның ішінде ауыл халқы үшін қарап-тексеру мен скринингтерді жүргізу, психикалық және репродуктивтік денсаулықты сақтау қызметтерін көрсету үшін жастар денсаулық орталықтарының қолжетімділігі жөніндегі шаралар іске асырылады», – деді А.Ғиният Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Сондай-ақ, салауатты өмір салтын қалыптастыру, алкоголь, темекі өнімдерін тұтынуды қысқарту, инфекциялық және инфекциялық емес ауруларды төмендету, жарақаттанудың алдын алу және саламатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

«Қабылданған шаралар нәтижесінде 2025 жылға қарай саламатты өмір салтын ұстанатын азаматтар үлесін 40%-ға дейін, өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа дейін ұлғайту, инфекциялық емес ауруларды 7%-ға дейін төмендету, медициналық оңалту қызметтерімен 75%-ға дейін қамту күтіледі», – деді Ажар Ғиният.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<