Құқықтық кабинеттің қоғамға пайдасы қандай?

296

0

Фото: Автордан

Қазақстан Республикасының Әділет органдары өз қызметіне сәйкес құқықтық насихатты ұйымдастыруды, заңдарға түсiндiрме беруді үйлестіру жөніндегі әрекеттерді жүзеге асырады. Осыған орай, Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2023 жылғы 13 желтоқсандағы  №899 бұйрығымен «2024-2026 жылдарға арналған құқықтық түсіндіру жұмыстары бойынша іс-шаралар жоспары» бекітілді. Жоспардың мақсаты – құқықтық ақпаратқа қол жеткізу, жұмыс орындарын ұйымдастыру, ауылдық жерлерде «Құқық кабинетін» ашу болып табылады.

Құқық кабинеттері дегеніміз – бұл заңгерлік қызметтер көрсету мақсатында құрылған арнайы құрылымдар. Оның негізгі қызметі жеке тұлғалар мен ұйымдарға құқықтық көмек көрсетуге, заңдық кеңестер беруге, құжаттарды дайындауға және басқа да құқықтық қызметтерді ұсынуға бағытталған. Құқық кабинеттері көптеген елдерде заңгерлік қызмет көрсету жүйесінің маңызды бөлігі ретінде танылады, өйткені олар азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып, құқықтық дауларды шешуге ерекше ықпал етеді.

Құқықтық кабинет орындарының пайдасы қандай? Құқық кабинеттерінің қоғамдағы рөлі өте маңызды. Олар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заңға сәйкес әрекет ету және әртүрлі құқықтық мәселелерді шешу кезінде көмек көрсету арқылы қоғамда заңның үстемдігін қамтамасыз етеді. Құқық кабинеттері сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылықтармен күресуге, азаматтардың заңды мүдделерін қорғауға және заңды сауаттылықты арттыруға өз үлесін қосады. «Кабинеттерді» құру азаматтардың заңдарды өз еркімен оқып үйрену әдетін қалыптастыруға, «сыни ойлау» дағдысын дамытуға ықпал ете алады. Өйткені, бүгінгі таңда Әділет органдары алдында тек құқықтық ағарту ғана емес, азаматтарды «құқықтық алаңда өз мүдделерін қорғау» дағдыларын үйрету міндеті тұр.

Құқық кабинеттерінің басым бағытының бірі – заңгерлік қызметтерді қолжетімді етіп, адамдардың құқықтарын қорғау үшін құқықтық дауларды шешуге көмектеседі.  Мысалы некеге тұру, мұрагерлік істер, мүліктік қатынастар, алимент өндіру, баланы тәрбиелеу сынды бірқатар мәселенің шешу тәсілін көрсетеді. Одан бөлек құқық қорғау, кәсіпкерлік құқық, тұрғын үй құқықтары жайлы бағыт-бағдар береді. Аталған заңнамаларды толық түсіну үшін кез-келген азамат құқықтық кабинет көмегіне жүгіне алады. Қазіргі таңда елімізде осындай 2000-нан астам кабинет іске қосылған. Бұл кабинеттер арқылы азаматтарға ыңғайлы болу үшін бірқатар сайттар мен жүйелер, қосымшалар мен мобильді нұсқалар түрінде де ақпараттар ұсынылады.

Қызылорда облысында облыстық маңызы бар 1 қала, 7 аудан, 132-ауылдық округ және 12-кент бар. Әділет департаменті аудан әкімдіктерімен бірлесе, «Құқық кабинеттерін» іске қосу бойынша жұмысты ұйымдастырды. Нәтижесінде, бүгінде барлық аудандарда құқықтық кабинет орталықтары ашылып, қызмет көрсетуде. Аталған кабинеттер  аудандық, ауылдық әкімдіктердің ғимараттарында, ауыл клубтарында орналасқан. Кабинат жұмысы жайлы халыққа құлақтандыру шаралары жүргізіліп, оның жұмысы жандандырылды. Аталған кабинеттерде өзіне-өзі қызмет көрсету (Egov) бұрыштары қойылып, компьютермен жабдықталған. Бұл деректер топтамасы  (Заң) арқылы нормативтік-құқықтық актімен танысуға, сондай-ақ (e-Otinish. Egov, «Ашық НҚА» порталы арқылы) мемлекеттік органдардың халықпен қолжетімді байланыс жасауына мүмкіндік берді.

Қазірде, Арал, Жалағаш, Қармақшы, Қазалы, Сырдария, Шиелі аудандарында, кент орталықтарында және шалғай ауылдық округтерде қызмет түрлері қарқынды әрекет етуде. Кабинет жұмысының жүйелілігі – азаматтарға Қазақстан Республикасының заңнамаларын өз бетінше зерделеуге, құқықтық сауаттылықты арттыруға мүмкіндік бере отырып, бірнеше қызмет түрлерін ұсынады.

Қорыта айтқанда, құқық кабинеттерін құру – бұл құқықтық қызмет көрсету жүйесінің маңызды құрамдас бөлігі. Бұл үдеріс халыққа қолжетімді әрі сапалы заң көмегін көрсетуге мүмкіндік береді.

И. Бакишева,

Қызылорда облысының Әділет департаментінің

басшысы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<