Құрылыс сапасы бақылауда

5

0

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Қызылорда қаласында құрылысы қарқын алған әлеуметтік нысандарды аралап, жұмыс барысымен танысты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аймақ басшысы алдымен 20,5 млрд теңгеге салынып жатқан «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешенінің құрылыс алаңына барды. Жалпы аумағы 26 мың шаршы метр болатын кешенде 50 метрлік жүзу бассейні, Әлем, Азия ойындары секілді халықаралық жарыстар өткізуге арналған 2500 орындық зал, форумдар мен түрлі жиындарға арналған 300 орындық конференция залы қарастырылған.

Нысанның қасбеті заманауи архитектуралық үлгіде болады, витражы төзімді әйнекпен қап­талады. Пайдалануға берілгеннен кейін оқу-жаттығу жиындарын өткізуге бейімделеді. Нысанды осы жылдың тамыз айында іске қосу жоспарланған.

Одан кейін облыс әкімі сол жағалаудағы 600 пәтерлік 5 және 9 қабатты 10 тұрғын үйдің құры­лы­сымен танысты. Жобаға 11 млрд 364 млн теңге қаралған, 33 мың шаршы метр заманауи тұрғын үй кешенінде 8 ойын және воркаут алаңы, 3 демалыс аймағы орна­ласады.

Бүгінде денсаулық сақтау сала­сында тың жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып, халыққа көрсе­тілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арт­тыруға ерекше көңіл бөлінуде.

Соның бірі – бір ауысымда 100 келушіге қызмет көрсететін емха­насы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 төсектік көпбейінді ауру­хана құрылысы. Заманауи талап­тарға сай нысан диагностиканың және емдеудің озық техноло­гия­ларымен жабдық­талып, халық­аралық стандарттар не­гізінде қыз­мет көрсетеді. «Мелио­ратор» ЖШС салып жатқан, құрылысына 36 млрд 416 млн теңге бөлінген кешеннің аумағы 57 мың шаршы метр, 10 блоктан тұрады. Атап айт­қанда, емхана, пансионат, конфе­ренция залы, асхана, физиотерапия, қабылдау, әкімшілік, реанимация, химиотерапия және радиотерапия, операциялық бөлімдер қамтылған.

Сонымен қатар облыс әкімі Титов шағын ауданында салынып жатқан, бір ауысымда 400 келушіні қабыл­дайтын емханадағы жұмыс барысын көрді. Құрылысқа 9 млрд 823 млн теңге қаралған, аумағы 9 мың шаршы метр болатын заманауи емханада балалар мен ересектерге арналған емдеу-профилактикалық бөлімшелер, функционалдық диаг­ностика және стоматология каби­неттері қарас­тырылған. Нысанды осы жылы халық игілігіне беру жоспарланған.

«СБ» ақпарат