ҚР Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен тұрғын үй және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының құрылыс сапасына қатысты мәселелер талқыланған кеңес өтті. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты.
Мемлекет басшысының құрылыс сапасын арттыру, нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бюджет қаражатын тиімді пайдалану тапсырмасы бар.
Жиында құрылысқа бақылауды күшейту, техникалық және авторлық қадағалау институттарының жауапкершілігін арттыру, анықталған кемшіліктерді уақытылы жою мәселелері қаралды.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары ақауларды жою барысында көзбояушылыққа жол берілмейтінін атап өтті.

Құрылыс сапасы жобалау кезеңінен бастап құрылыс-монтаждау, пайдалануға қабылдау, техникалық және авторлық қадағалау, кепілдік міндеттемелердің толық орындалуына дейінгі барлық кезеңде қамтамасыз етілуі тиіс.
Тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, инженерлік-коммуналдық инфрақұрылым, автомобиль жолдары, абаттандыру объектілері, аула аумақтары, сыртқы жарықтандыру жүйелері, теміржол вокзалдары мен автовокзалдар құрылысына бақылауды күшейту қажет.
Кемшіліктер мердігер ұйымдар қаражаты есебінен, кепілдік міндеттемелер шеңберінде, бюджет қаражатын жұмсамай жойылуы керек.
Мәжілісте бақылауды күшейту және тапсырыс берушілердің, мердігер ұйымдардың, техникалық және авторлық қадағалаудың жауапкершілігін арттыру шаралары талқыланды.
Кейінгі үш жылда аймақта құрылыс саласына бөлінген қаржы тұрақты өсіп, 2023-2025 жылдар аралығында 349,9 млрд. теңгеге жетті.
Құрылысы жүріп жатқан нысандардың сәулеттік келбеті мен ішкі дизайны алдын-ала келісіліп, сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстарының үйлесімділігі қамтамасыз етілуде.
Жұмыстың сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуы үшін барлық нысан тұрақты бақылауға алынған.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі






