Естеліктерімде жазып жүргенімдей, 2001 жылы аудандық «Жалағаш жаршысы» газетіне жұмысқа орналасып, іргелі шаңырақтағы үлкен шығармашылық ортаға түстім. Олай дейтінім, сол жылдары газетте Кенжеғара Сүлейменов ағамыз бас редактор болса, Мәлік Аяповтай азулы ақын, Тұрсынбай Тәшеновтей қарымды қаламгер (газеттің бұрынғы редакторы), Ахмет Тілеулиевтей терең білімді тарихшы, Ізбасар Мұстафаевтай тәжірибесі мол, Серік Бертаевтай қаламы жүйрік журналистер, фототілші Махамбет Ахметов қызмет атқаратын.
Ара-тұра редакцияға келіп хал-жағдай сұрасып, мақала беріп тұратын Мырзамұрат Ілиясов (газеттің бұрынғы редакторы), жазушы Қалқаман Нұрғалиев ағаларымыз қандай мәдениетті, сырбаз кісілер еді?! Баспаханада ұзақ жыл қызмет етіп, қорғасыннан әріп құйып, мақала терген Қоғажай Ерғалиева, Бақыткүл Тәшкенбаева, газет бетін дайындайтын Рая Кенжебаева, Зоя Сейтенова, Тазагүл Ахметова сынды мамандардың еңбегі еш ұмытылмайды. Бүгінде редакция ардагерлерінің ортасында 80 жастан асқан салиқалы, сабырлы Сайлаукүл Тәжікенова апамызды кеше мен бүгіннің арасын жалғаған алтын көпір десек болады.
Әлі есімде, 2001 жылдың сәуір айының алғашқы күні еді. Редактордың кең бөлмесіне кібіртіктей кіргенімде, күлімсірей қарсы алған зор денелі, қарабурыл толқынды шашын қайыра тараған келбетті кісі Кенжеғара ағай жұмысымның тәртібін салмақтап түсіндірді. Сөзінің арасында редакторға кіреберіс кабинетте отырған редакция хатшысы (секретарь-машинистка) Жанат Иманалиева есімді апайды шақырып, мені таныстырды да:
–Көп жұмысың осы апайыңмен байланысты болады. Мақалаларыңды машинкаға тереді, одан кейін редактор немесе орынбасары тексеріп береді. Қатесі түзетілгеннен кейін ғана баспаға жіберіледі. Басқа да шаруаларың болса, апайыңнан ақыл-кеңес алып тұрарсың, – деді.
Иә, мен сол күні редактордың кабинетінен жай тілші ғана емес, одан әлдеқайда биік жауапкершілікті арқалай шыққаным есімде.
Көп ұзамай Жанат апаймен жақынырақ танысып, апалы-сіңілідей араласып кеттік. Сол уақыттағы хатшы апайдың еңбегін айтсам, қазір ертегідей көрінетіні рас. Бірақ біз көзімізбен көрдік, редакциядағы ондаған журналистің жазған дүниесі осы кісінің қолынан өтетін. Сондай-ақ аудан орталығында, ауылдарда қаншама белсенді авторлар бар, олардың да жазбаларын жүйелеп, қағаз бетіне түсіретін. Өзім де жұмысқа келмей тұрғанда, құлаш-құлаш өлеңдерімді хат арқылы жолдайтын едім. Ол кезде өлең деуге келе ме, білмеймін, бірақ Мәлік ағамыздай айтулы ақынның сәл-пәл өңдеуінен өткен соң тым тәуір дүние боп шыға келетін. Ал одан кейінгі шаруаға Жанат апай жауапты. Өзінің айтуынша, кеңес өкіметінің кезінде партия хатшыларының он-жиырма бет баяндама мәтіні дүркін-дүркін келеді екен. Соның бәрін машинкаға теріп, дайындап береді. Сондықтан болар, ол кісі әрбір жазылған дүниеге аса тиянақты қарайтын.
Ол кезде редакцияға адам көп келетін. Қалам ұстаған жандардың да қарасы қалың еді. Осы тұста есімдерін атап өткеніміз орынды болар, еліміздің әр өңірінде қызмет атқарып жүрген Ертай Айғалиұлы, Құлтас Достан, Бейбітбек Бүркітбайұлы, Еркін Әбіл, Миуа Байназар, Бибайша Алпысбаева, Елена Әбдіхалықова сынды белгілі қаламгерлер осы шаңырақта еңбек жолын бастаған.
Белсенді авторларға келсек, сонау Ақарық ауылынан Оразбек Қожамұратов есімді ағамыздың ескіден қалған есті сөздері, белгілі ақын, қаламгер Жақсыбай Сарбалаев, әр саланың еңбек майталмандары Шыңғыс Айбосынов, Жақсылық Адамбаев, Раушанбек Смағұлов, Рысбай Кәрімов сынды ағаларымыздың өмірден алынған жазбалары оқырман үшін құнды болатын. Басқа салада жүрсе де, шығармашылығы оқырманға кең танылған Балғабай Имашев, Кендебай Атырауов, Мақсат Қарақұлов сынды ақынжанды ағалар, ардагер Айша Есенбаева, ұстаз, ақын Зайра Мамырова, Роза Көшекбайқызы, Айкүміс Орынбаева апайлар редакция ұжымымен тығыз байланыста болды. Ара-тұра басқосуларда қаламгерлер ортасы дүрілдеп жататын. Иә, сосын көбіне әділдік іздеген жандар осы жерден, яғни журналистерден көмек күтетін. Кейіпкеріміз Жанат апай осы кісілердің барлығына уақыт бөліп, қызмет көрсетті. Оның шап-шағын бөлмесінде ұзақты күн жұмыс бір толастамайтын.
Тәуелсіздік жылдарындағы қиын кезеңді де іргелі ұжым ың-шыңсыз еңсеріп, ел қатарлы күн кешіп жатты. Бұл да Кенжеғара ағамыздай кеңпейіл басшының адамгершілігі мен іскерлігінің арқасы десек ешкімнің таласы бола қоймас. Ойымда қалған бір мөлтек сәтті айта кетейін, жұмыстың арасында шәй ішетін арнайы бөлме бар. Қолымыз қалт еткенде үлкен-кішіміз сонда жиналамыз. Ешбір әсірелеусіз, сөздің шыны, бір нанды бөліп жеген кездер еді бұл. Қолымызға түскен Қазалының ащы кәмпитін шағып, бірнеше бөлікке бөліп, әрқайсымыз бір-бір түйірден алып, шәй ішеміз. Сөйтіп суық кабинеттерден тоңып қалған бойымызды жылытамыз. Иә, іргелі ұжымның берекесі мен бірлігін сақтауға осындай онша елене бермейтін сәттің өзі ерекше ықпал еткенін енді біліп отырғандаймыз.
Өмір зырлап өтіп жатыр. «Жалағаш жаршысы» аудандық газетіне алғашында тілші болып жұмысқа қабылданып, жылдар өте келе әдеби қызметкер, жауапты хатшы, редактордың орынбасары, ал 2010-2017 жылдар аралығында бас редактор қызметін атқару міндеті бұйырды. Айта кетейін, «Жалағаш жаршысының» тарихындағы 22- редактор болдым.
Осы лауазымға тағайындалған уақытымда Жанат апай маған: «Қызым, сен – менің тоғызыншы редакторымсың!» деді. Таңғалдым, тап сол сәтте мен үшін редакторлықтан гөрі Жанат апайдың хатшылық қызметі әлдеқайда маңыздырақ болып көрінді. Шындығында, не деген шыдамдылық, тұрақтылық, оның ар жағында өз жұмысына деген адалдық, жауапкершілік, адамгершілік қасиеттері аңғарылып тұр емес пе?
Иә, жауапты қызметті атқаруда Жанат апай әрдайым қолдау танытып отырды. Жас отбасымыз, кейде әлдебір жағдайлар болып жатады. Қуанышы мен қиындығы қатар күндер де өтіп жатты. Соның бәрінде көңіл бөлуге тырысып, өз өмір жолынан өнегелі әңгімелер тиегін ағытатын. Сондағысы, менің жабырқаулы сәтімді бөтен адам білмесін деп алаңдайтын. Сондай әңгімесінің бірі өзінің отағасы Қалданбай ағамызбен көңіл жарастырып, отбасын құрғаны туралы баяндалатын.
Хош, Қалданбай Ахметқалиұлы ағамыз – әйгілі Бұқарбай батыр Естекбайұлының шөбересі. Әкеден жалғыз ұл. Ал Жанат Ұзақбайқызы апамыз – Сәрке батырдың ұрпағы. Отбасындағы екі ағасынан кейін, қыз балалардың үлкені. Әкесі Ұзақбай екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері болатын. Заман түзеліп, ел іші тынышталған кез, жетпісінші жылдардың ортасы болуы керек. Бұқарбай, Сәркедей екі батырдың ұрпағы өзара келісіп, құдандалы болуды құп көреді. Бір күні Ұзақбай әке бойжетіп отырған қызы Жанатты шақырып алады да, Қалданбай ағамызды меңзеп:
– Батамды бердім, балам! Жылап жүрсең, көз жасың маған! – депті.
Ол уақытта әке сөзіне қарсы келу қайда?! Сонымен Жанат апамыз үн-түнсіз келісіп, ұзатылып кете барған екен. Әке жүрегі сезген екен, олар жарты ғасырдан аса уақыт жұбын жазбай, бақытты, баянды ғұмыр кешіп келеді. Тектілерден тамыр тартқан ұрпақ бүгінде өсіп-өніп, жапырағын жайған алып бәйтерекке айналды.
Әулеттің иесі Қалданбай ағамыз Жалағаш аудандық білім саласында ұзақ жыл абыройлы қызмет атқарып, зейнет демалысына шыққан. Біртоға, байыппен сөйлейтін кісі. Тағылымды, тәрбиелік мәні болмаса, артық-ауыс әңгіме айта бермейді. Ағамыздан естіген бір тағылымды әңгіме бойынша Бұқарбай батырдың бел баласы Алданазар би туралы жыр жазып, батыр атындағы байқаудан жүлде алғаным бар еді.
Иә, бүгінде ғасырға таяу тарихы бар «Жалағаш жаршысы» газетінде қырық жыл қызмет атқарған құрметті ардагер, бір әулеттің анасы Иманалиева Жанат Ұзақбайқызы 70 жасқа толып отыр. Жоғарыда айтып өткеніміздей, қазақ басылымының бір қарашаңырағында қарапайым ғана хатшылық қызмет етіп, халық алдында қадірі биіктеген жанның өмір жолы тұнып тұрған өнеге!
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»





