Бүгін – адам өміріндегі ең қастерлі құндылықтардың бірі саналатын Отбасы күні. Бұл мереке мейірім мен сыйластықтың, сенім мен қолдаудың, берекелі шаңырақтың маңызын айшықтайтын ерекше күн.
Қызылорда қаласы Полиция басқармасының патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары полиция майоры Самат Қадиров үшін де отбасы – өмірінің ең басты тірегі, қажырлы қызметіне күш беретін рухани қолдау.
Тәртіп сақшысы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылау бағытында абыройлы қызмет атқарып келеді. Күнделікті жауапты міндет барысында түрлі жағдайлармен бетпе-бет келсе де, оны алға жетелейтін — отбасының сенімі мен жан жылуы.

«Менің отбасым – менің тірегім, күш-қуатым. Әр қызметтік күнімнен кейін үйге оралуды асыға күтемін», – дейді полиция майоры Самат Қадиров.
Жары Айбану — ақ халатты абзал жан, мейірбике мамандығының иесі. Қос мамандықтың жауапкершілігін қатар арқалаған бұл отбасы бүгінде 3 ұл мен 1 қыз тәрбиелеп отырған өнегелі жанұялардың бірі. Ынтымағы жарасқан шаңырақта сыйластық пен қамқорлық, мейірім мен түсіністік берік орныққан. Осындай берекелі отбасылық құндылықтар ел тыныштығын күзеткен азаматқа рухани күш беріп, жауапты қызметін абыроймен атқаруына үлкен демеу болып келеді.
Шынында қоғам тыныштығын күзеткен полицей үшін отбасының орны ерекше. Себебі берекелі отбасы – тұрақтылықтың бастауы, ал ынтымағы жарасқан жанұя – берік қоғамның негізі.






