Қызылорда облысының мәдениет саласында жаңашыл жобалар жүзеге асты

4247

0

Қызылорда облысының мәдениет саласында жаңашыл жобалар жүзеге асып келеді. Бұл өңірдің руханият саласының дамуына серпінді әсерін тигізіп отыр, деп хабарлайды Kazinform.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен тұңғыш рет облыстық филормония жанынан симфония оркестрі құрылды. Оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мүсілім Әмзе. Оркестр құрамына ішекті, үрмелі және ұрмалы аспаптар бойынша 30 кәсіби музыкант қабылданып, жалпы ұжым 50-ден аса маманнан жасақталды. Сондай-ақ, бұған дейін қала әкімдігі жанында үйірме ретінде жұмыс жасап келген Жастар театрының өз алдына кәсіби ұжым ретінде қайта құрылуы өңір мәдениетінің тарихындағы маңызды бастаманың бірі болды.

Сыр өңірінде биыл «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» атты халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестивалі өтті. Фестивальдің мақсаты – Түркі тілдес елдердің арасындағы мәдени байланысты нығайту, Қорқыт мұраларын насихаттау. Шара Қызылорда облысының әкімдігі мен ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымымен бірлесіп ұйымдастырылды. Үш күнге жоспарланған іс-шара барысында фестивальге қатысушылар облыс орталығының көрікті жерлері және облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Тұран таңбалары» этно-археологиялық көрмесімен танысты.

Ә.Тәжібаев атындағы әмбебап-ғылыми кітапханасында ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының 30 жылдығына арналған «Түркі әлемінің бірлігі» атты кітап көрмесі, Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында «Қорқыт және Ұлы дала сазы» атты халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестивалі көпшілік назарына ұсынылды. Одан кейін фестивальге қатысушы өнерпаздар Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата мемориалды кешенімен танысып, Ш.Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінде өтетін «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» фольклорлық-музыкалық өнер фестивалінің Гала-концертіне қатысты. Аталған өнер мерекесіне Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Саха, Тыва елдерімен қатар, Қазақстаннан барлығы 200-ге тарта өнер ұжымдары мен дәстүрлі өнерпаздар келді.

Сондай-ақ, қазақ халқының ұлттық өнерін халықаралық деңгейде дәріптеп жүрген жыраулар Алмас Алматов, Елмұра Жаңаберген, Ұлжан Байбосынова, «Хассак» этно-фольклорлық тобы және Сыр еліндегі жыраулық мектептердің көрнекті өкілдері де өнер көрсетті. Қорқыт ата мұраларын әлемдік деңгейде насихаттаушы Раушан Оразбаева, Мақсат Мұхаммеджандар Қорқыт бабамыздың күйлері мен жырларын тағы бір мәрте дәріптеді.

Кейінгі жылдарда өңірдің мәдениет саласында өміршең істерге жол ашылды. Бүгінде облыс бойынша 5 мәдениет нысаны және көпфункционалды 1000 орындық Өнер сарайы бой көтеріп жатыр. Облыс орталығында құрылысы жүріп жатқан Өнер орталығы жақын уақытта елдің игілігіне айналады. Сондай-ақ,, Қазалы ауданы Каукей ауылындағы 100, Жаңақорған ауданы Жайылма, Өзгент, Қызылорда қаласы Қарауылтөбе, Талсуат ауылдарында 150 адамға арналған клуб халықтың сұранысын қамтамасыз ететін болады.

Сыр өңірінде балалар мен жасөспірімдер шығармашылығын дамыту барысында оңды істер бар. Өнерге жақын 79 өрен шет мемлекеттерде және еліміздің өзге өңірлерінде өткен 36 халықаралық конкурсқа қатысып қайтты. Олардың арасынан 60-қа жуық бала жеңімпаздар және жүлдегерлер қатарынан көрінді. Мұндай жас жеткіншектер арасында Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Қ.Ақдәулетова атындағы балалар студиясы, «Көңілді ноталар» балалар ән үйірмесінің талантты шәкірттері бар.

Халықаралық конкурста 8 қызылордалық өрен жеңімпаз атанып, Сыр елінің атын әлемге танытты. Әзербайжан астанасы – Баку қаласында өткен «Мугам» балалардың өнер фестиваль-конкурсында қармақшылық термеші Мәди Елемесов жыр-терме жанрынан үздік үштіктен көрінді. Ал Германия мемлекетінің Гесеке қаласында өткен халықаралық «Colors of Voices» конкурсында шиелілік Әкімәлі Әли дипломант атанды.

Сондай-ақ, балалардың жазғы демалысында Грузияның Батуми қаласында халықаралық «Золотой дельфин – искусство вокруг мира» конкурсында Қызылорда қаласынан вокал жанры бойынша 6 өнерпаз қатысты. Нәтижесінде 2 өнерпаз бас жүлде, қалған өнерпаздар І орын иегері атанып қайтты. Байқау барысында Армения, Әзербайжан, Болгария, Грузия және біздің еліміздің балалары бақ сынады.

Сыр өңірінің тарихына қатысты құжаттарды түгендеу мән беріліп келеді. Бұл бағытта Өзбекстан, Ресей Федерациясының мемлекеттік архивтерінде сақталған құжаттарға байланысты мамандар тиісті жұмыстарды атқаруда. Аймақ басшысының қолдауымен тарихи деректердің көшірмесін алу мақсатында тиісті қаражат бөлініп, облыстық архив қызметкерлері Орынбор мемлекеттік архивінде айқындау, зерделеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы облыс тарихына қатысты құжаттардың көшірмелерін іздеп тапты. Олардың қатарында Арал теңізін зерттеу, жағалауына қала салу жөніндегі мәліметтер, Ресей мен Орта Азия мемлекеттері арасындағы саяси-экономикалық қатынастар, сауда, ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы туралы, генерал Перовскийдің Ақмешітке жорығы, Перовск қаласының оңтүстігінен теміржол тарту секілді құнды құжаттардың көшірмесі алынды. Алдағы уақытта Татарстан Республикасының мемлекеттік архивінен өңір тарихына қатысты құжат көшірмесін әкелу жоспарланып отыр.

Биыл облыс көлемінде 1 халықаралық, 10 республикалық, 35 облыстық байқау-фестиваль, мүшәйра, ақындар айтыстары ұйымдастырылды. Атап айтқанда, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор К.Дүйсекеев атындағы І «Туған жер» атты халықаралық әншілер конкурсы, халық ақыны, әнші И.Құтпанұлының 160 жылдығына арналған «Қазаққа аты мәшһүр Иманжүсіп» атты республикалық әнші-жыршылардың фестивалі өтті.

Мемлекет және қоғам қайраткері Т.Жүргеновтің 125 жылдық мерейтойына арналған «Жыр арқауы – Жүргенов» атты республикалық жазба ақындар мүшәйрасы, ақын, сатирик, аудармашы, сыншы, журналист Ж.Әбдірашевтің 75 жылдығына орай «Көктем нұры» атты республикалық мектеп оқушылар айтысы, «Дала сенің ұлыңмын» атты республикалық жыр мүшәйрасы тағылымды шара болды. ақын-жырау Ж.Қадырбергенұлының (Қаңлы Жүсіп) 150 жылдығына арналған «Қара өлеңнің шебері» атты республикалық ақындар айтысы болды.

Сондай-ақ, «Түркі әлемнің Темірбегі» атты облыстық жас ақындар айтысы, «Қорқыттан қалған қоңыр үн» атты облыстық балалар жыршы-термешілер байқауы, тұңғыш рет облыс әкімінің жүлдесі үшін «Айтыс олимпиадасы» облыстық балалар айтысы ұйымдастырылды.

Облыстық мәдениет және спорт басқармасының қолдауымен іске асырылған «Қоңыр әңгіме» жобасы көрермен қауымнан қолдау тапты. Бабалар дәстүрін жаңғырту бағытындағы рухани кештің алғашқы қонақтарының бірі жырау, фольклортанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері А.Алматов бабалар болмысындағы ізгі қасиеттер мен асыл құндылықтарды қоңыр әңгімеге арқау етіп, талбесіктен басталатын тәлім-тәрбиенің тінін тарқатты.

Осы жылдың тағы бір ерекше жаңалығы – Мәдениет және өнер қызметкерлері қүніне орай Сыр мәдениетін дамытуға сүбелі үлес қосқан 20 өнер және әдебиет өкіліне «Тұран» сыйлығын табысталып, 500 мың теңгеден қаржылай сыйақы тағайындалды. Сыр жұртшылығы аймақ басшысының бұл арнайы сыйлығын өнер және шығармашылық өкілдерінің еңбегіне берілген жоғары баға деп қабылдады. Оған қоса, облыс мәдениет ұйымдарына қарасты 8 өнер ұжымына 40 домбыра табысталды. Сонымен қатар, биылдан бастап облыстың мәдениет саласындағы 10 маман шетелдердегі үздік өнер орталықтарында біліктілігін арттырады. Әлбетте, мұндай шығармашылық ізденіс сала жұмысына серпін берері сөзсіз.

Қызылорда облысының кітапханалар жүйесінде 209 мемлекеттік кітапхана бар. Соның ішінде 165-і ауылдық кітапханалар. Облыс бойынша мемлекеттік кітапханалар қоры 4 539 123 дана басылымды құрайды. Облыс кітапханалары жылына 250 мыңға жуық оқырманға кітапханалық қызмет көрсетеді. Бұл аймақтағы оқуға қабілетті тұрғындардың 30%-ын құрайды. Кітапханаларды заманауи білім беру орталықтарына айналдыру мақсатында 78 кітапханада коворкинг орталығы жұмыс істейді. Аймақтағы 209 кітапхананың 170-і интернет жүйесіне қосылған.

Облыс кітапханаларында кітап оқуды насихаттау және оқуға деген азаматтардың қызығушылығын арттыру мақсатында «Kitap Fest» фестивалі, «Kitap Timе», республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы, «Үздік оқырман» бенефисі, «Оқитын өлке» акциясы, «Кітаппен бірге өсеміз» жобалары және өзге де фестиваль, кітап мерекелері, оқу марафондар, оқу акциялары ұйымдастырылады.

Сыр өңірінің 85 жылдық мерейтойы аясында облыс кітапханаларында көптеген шаралар ұйымдастырылды. Олардың қатарында жыр кештері, кітап көрмелері, фестивальдар, мүшәйралар бірқатар мемлекет және қоғам қайраткерлері мен жазушылардың өмірі мен қызметіне арналған танымдық конференциялар бар.

Әбділда Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы – өңірдегі ең ірі ақпараттық мәдени орталық. Кітапханада 7 бөлім мен 8 сектор қызмет көрсетеді. Кітапхананың кітап қоры 4255606 дананы құрайды. Қордың құрамына кітаптар, мерзімді басылымдар, аудиокітаптар, электронды басылымдар, ноталық басылымдар кіреді.

Сирек кітаптар топтамасы – қордың ерекше құндылығы болып табылады. Қорда 802 дана сирек және құнды басылымдар бар. Биыл кітап қорына жаңадан барлығы 3441 кітап (жалпы құны 10 342451), соның ішінде қазақ тілінде 2616, мемлекеттік тапсырыспен 575 (жалпы құны 1 522402) соның ішінде қазақ тілінде 366 дана кітап түсті.

Кітапхана пайдаланушыларына дәстүрлі кітапханалық қызмет және электрондық қызметтер көрсетіледі: электрондық каталогтардан ақпарат іздеу, виртуалды анықтама қызметі, құжаттарды электрондық жеткізу, кітаптар мерзімін онлайн ұзарту. Облыстық кітапхана кітапхана процестерін автоматтандыру, цифрлық ресурстарды және электронды дерекқорларды құруға бағытталған «WEB-РАБИС» бағдарламасымен жұмыс істейді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<