Іс-шараға Қызылорда облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Ахмет Темірхан Асқатұлы және Департаменттің фармацевтикалық қызметті бақылау бөлімінің басшысы Сағнадинова Айжан Бақытжанқызы қатысты.
Іс-шара барысында дәріхана қызметкерлеріне күшті әсер ететін заттарды рецептсіз босатудың алдын алу мәселелері түсіндіріліп, дәрілік заттар айналысы саласындағы қолданыстағы заңнамаға енгізілген өзгерістер туралы ақпарат берілді.
Атап айтқанда, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасында күшті әсер ететін дәрілік заттарды, психотроптық заттар мен прекурсорларды рецептсіз өткізуге қатысты жауапкершіліктің күшейтілгені түсіндірілді.
Күшті әсер ететін заттардың тізбесі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 26 маусымдағы №120 бұйрығымен бекітілген. Аталған тізбеге 94 атау енгізілген, оның ішінде Тропикамид, Прегабалин, Зопиклон, Циклопентолат, Сибутрамин секілді дәріханалар арқылы босатылатын дәрілік препараттар да бар.
Сонымен қатар, №120 бұйрықпен бекітілген күшті әсер ететін заттарды рецептсіз өткізгені үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 301 және 303-баптарына сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделгені туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Іс-шараның мақсаты – дәріхана ұйымдары қызметкерлерінің заңнама талаптарын сақтауын қамтамасыз ету, күшті әсер ететін заттардың рецептсіз босатылуының алдын алу және халық денсаулығын қорғау.





