Қызылордада «Өңірлік дамудың басым бағыттары» атты ғылыми сессия өтті

5

0

Қызылорда облысында Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясы Президиумының көшпелі отырысы басталды. Екі күнге жоспарланған отырыстың алғашқы күні «Өңірлік дамудың басым бағыттары» тақырыбында ғылыми сессия ұйымдастырылды.

Сессияға Ұлттық ғылым академиясының басшылығы, еліміздің жетекші және жергілікті ғылыми-зерттеу ұйымдарының және жоғары оқу орындарының ғалымдары, сондай-ақ өндіріс және бизнес құрылымдарының өкілдері қатысты.

Іс -шараның мақсаты өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін ғылыми шешімдер мен инновациялық технологияларды талқылау, сондай-ақ ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту.

Сессияны ашқан Қызылорда облысы әкімінің орынбасары А.Зебешев кіріспе сөз сөйлеп, өңір дамуының ғылыммен тікелей байланысты екенін атап өтіп, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, экологиялық мәселелерді шешу және экономиканы әртараптандыруда ғылыми қауымдастықпен тығыз ынтымақтастықтың маңызын айтты.

Ғылыми сессия барысында өңірлік дамудың өзекті мәселелеріне арналған баяндамалар ұсынылды. ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Е.Шевченко Қазақстандағы ғылымның форсайттық дамуы мен өңірлік форсайт-желілерді қалыптастырудың маңызына тоқталды.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры М.Бурибаева жаһандық мәселелерге бағытталған жергілікті шешімдерімен таныстырды.

Экологиялық ахуал, әсіресе Арал өңіріндегі жағдай, ғылыми сессияның негізгі талқылау тақырыптарының бірі болды.

«География және су қауіпсіздігі институты» АҚ ғалымы М.Цхай Арал теңізі өңірінің экологиялық дағдарыс аймағы ретіндегі өзекті проблемаларын көтерді. Ал Satbayev University ғылыми қызметкері У.Жантикеев суды тазарту және топырақты биоремедиациялаудың заманауи интеграцияланған технологияларын ұсынды.

Бұл бағыттар өңірдің экологиялық тұрақтылығын арттыруға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді.

«Қазақ қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің бас ғылыми қызметкері Д.Даутканова астықты өнеркәсіптік өңдеудің мультипликативтік әсеріне тоқталса, «Полимерлік материалдар және технологиялар институты» директорының орынбасары

М.Сағындықов пен институттың ғылыми қызметкері И.Гусенов кен орындарын тиімді игеру және су ағындарын басқару бағытындағы инновациялық тәсілдерді таныстырды.

Сондай-ақ, «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС бас директорының орынбасары Т.Барақбаев Арал-Сырдария бассейнінде тауарлы балық өсіру технологияларын жетілдірудің ғылыми негіздерін баяндады.

Аграрлық ғылымның басым бағыттары туралы «Ы.Жахаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС Басқарма төрағасының орынбасары Ж.Байманов баяндама жасап, ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған жобалармен таныстырды.

Су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселесі сессия барысында айрықша назарға алынды.

Қызылорда қаласын жер асты сулары арқылы сумен қамтамасыз ету мүмкіндіктері туралы У.Ахмедсафин атындағы Гидрогеология және геоэкология институтының ғалымы Д.Сапарғалиев баяндап өтті.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің департамент директоры Қ.Тастамбек Қызылорда қаланың тұрақты дамуына арналған ғылыми-инновациялық ұсыныстарымен бөлісті. Бұл жобалар өңірдің су ресурстарын тиімді пайдалануға және ұзақ мерзімді тұрақты дамуын қамтамасыз етуге ықпал ететін болады.

Өнеркәсіп саласына қатысты «Фирма Балауса» ЖШС бас директоры А.Кузнецов Қазақстанда жаңа технология бойынша ірі ванадий өндірісін құру перспективаларын таныстырды. «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ менеджері Д.Қасенов кен орындарын игеру тиімділігін арттырудың ғылыми негізделген тәсілдеріне тоқталды.

Сессия соңында қатысушылар арасында ашық пікірталас өтіп, ұсынылған ғылыми жобалар мен бастамаларды өңірде жүзеге асыру жолдары талқыланды. Ғалымдар ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту, инновацияларды енгізу және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында нақты ұсыныстарын білдірді.

Ұлттық ғылым академиясы Президиумының пленарлық отырысы ертең жалғасып, өңірдің ғылыми-инновациялық әлеуетін дамытуға бағытталған бірқатар маңызды мәселелер қаралатын болады.