Қызылордада «Қарасора-2026» шарасы аясында 92 келіден астам есірткі тәркіленді

8

0

Қызылорда облысы Полиция департаменті «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында заң үстемдігін қамтамасыз ету, құқықтық тәртіпті сақтау және есірткі қылмысының алдын алу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуде.

Биылғы жылдың 1 маусымы мен 31 қазаны аралығында республика көлемінде өткізіліп жатқан «Қарасора-2026» арнайы жедел-профилактикалық іс-шарасының 23 күні қорытындыланды.

Іс-шараға жалпы саны 102 полиция қызметкері, 7 қызметтік іздестіру иті және 28 арнайы техника жұмылдырылған. Сонымен қатар облыс аумағында 5 мобильді бекет жұмыс атқаруда. Оның ішінде Қызылорда қаласында 2 жылжымалы және Жаңақорған, Арал аудандары мен Қызылорда–Жезқазған тас жолы бойында 3 тұрақты бекет қызмет көрсетуде.

Жедел-профилактикалық іс-шара барысында барлығы 38 есірткі құқық бұзушылығы анықталды. Оның 27-сі есірткі өсіру дерегі болса, 11-і есірткіге байланысты қылмыстық теріс қылық ретінде тіркелген.

Заңсыз айналымнан жалпы салмағы 92 келі 124 грамм есірткі заты тәркіленді. Оның ішінде 90 келі 99 грамм сора өсімдігі, 1 келі 557 грамм марихуана және 462 грамм көкнәр өсімдігі бар.

Есірткі өсірумен айналысқан 21 азамат ұсталып, олардың 10-ы қамауға алынды.

Іс-шара аясында әскери тікұшақ арқылы 15 мәрте әуеден бақылау жүргізіліп, нәтижесінде есірткі өсірудің 12 дерегі анықталды. Аталған деректердің 7-уі Қызылорда қаласында, 3-уі Арал ауданында, 1-ден Сырдария және Жаңақорған аудандарында тіркелген.

Сондай-ақ мобильді бекеттерде қызметтік іздестіру иттерінің көмегімен есірткіге қатысты 6 құқық бұзушылық анықталды.

Қызылорда облысы Полиция департаментінің басшылығы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бағытындағы жұмыстардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстап, бұл бағыттағы шараларды күшейтуді жалғастыруда.