Рақымшылық кезінде кімдер және қалай босатылады?

382

0

Елімізде ізгілендірілген қылмыстық заң күшіне енді. Бұл сотталғандарға жасалып отырған жеңілдік. Рақымшылыққа 5 мыңдай адам ілігеді. Яғни ауыр, аса ауыр қылмыс жасамағандардың түрмеде отыру мерзімі қысқарады. Кейбірі жазасын қоғамдық жұмыс істеу арқылы өтейді. Тәртіп бұзып тергеуде жүргендердің айыппұлы азайтылады. Енді ғана қолданысқа енген заңнамада осындай жаңашылдықтар бар. Жаңа заң күшіне енді. Қаныпезер қылмыскерлер рақымшылыққа мүлдем ілікпейді. Қылмыстық саясатты ізгілендірудің шарапатын көретін мыналар: төмен не орта дәрежеде қылмыс жасап, жазасының едәуір бөлігін өтегендер, келтірген залалдың орнын толтырып, жүріс-тұрысы түзелгендер. Алдымен осылар абақтыдан шығады. Оның өзінде қатаң бақылауда болады. Және қала, ауылды тазалап, абаттандыру сынды қоғамдық жұмыстарға жегіледі. Рақымшылыққа ілігетін екінші топ – тәртіп бұзып тергеуде жүргендер. Олардың да айыппұлы қысқаруы мүмкін.
Қорған Төреқожа, тілші:
– Бірақ бұл мүмкіндік бір-ақ рет беріледі. Істі болған азамат рақымшылықтан кейін заң бұзып, екінші мәрте қия басса, баратын жері қайтадан түрме болады. Жалпы тәуелсіздікке дейін еліміздегі абақтыларда 100 мыңдай адам отырған еді. Қазақстан әлем бойынша түрме саны көп мемлекеттердің алғашқы үштігіне кірді. Егемендік алып еңсе тіктеген соң, қылмыстық саясат жылдар бойы ізгілендірілді. Нәтижесінде қазір 100 мың емес, республикадағы темір торларда 34 мыңдай адам отыр. Соңғы 4 жылда 8 түрме жабылды. Тағы да жабылмақ.
 Марат Ахметжанов, ҚР Бас прокурорының орынбасары:
– Астанада қатаң режимдегі түрме бар. Ол жабылып жатыр. Оның орнына басқасы ашылуда. Енді басқа облыстарда аралас түрдегі түрмелер ашамыз. Бұрын тек қатаң, орта режимдегі түрмелер болатын. Қазір соны араластырып салып жатырмыз. Мысалы, Қызылорда облысында қазір сондай аралас түрдегі түрме ашылып жатыр. Себебі ол жерде тек қатаң режимдегі түрме болғасын, орта дәрежеде қылмыс жасаған Қызылорда облысының азаматтары Ақмола, Қостанай облыстарындағы орта режимдегі түрмелерде жазасын өтейтін. Енді аралас болған соң, 300 қызылордалық азамат өз елдеріне жіберіліп, сол жақтағы аралас түрмелерде жазасын өтейтін болады. 2015 жылдан бері елімізде 15 мың адам түрмеден босатылды. Соның бірі – Иван Зиненков. Есірткіге елігіп, нашақорлықтың салдарынан 10 жылға бас еркінен айырылған ол былтыр ғана бостандыққа шықты. Қазір жұмысын істеп, қоғамның толыққанды мүшесіне айналды.
Иван Зиненков, «Право» қоғамдық қорының есепшісі:
– Түрмеден шыққан соң, мемлекеттің әлеуметтік қолдауы арқасында барлық құжаттарымды реттеп, қалыпқа келтіріп алдым. 10 жылдың ішінде бәрі жоғалып қалған еді. Осы жерге жұмысқа орналастым. Есепші болып қызмет етемін. Сотталғандармен жұмыс істеп, олардың да екі қолға бір күрек табуына жәрдемдесемін
. Ольга Рыль, «Право» қоғамдық қорының директоры:
– Түрмеден босаған кейбір азаматтар ақшасыз, үйсіз-күйсіз қалып жатады. Олардың жұмысқа орналасуы өте өзекті. Бос жүрсе, өмірден баз кешеді. Қайтадан қылмысқа барады. Сондықтан біз сотталғандардың есебін жасап, абақтыдан шыққандарға қолдан келгенше қамқор болып отырамыз. Оларды бос жұмыс орындарына бағыттаймыз. Көмегімізге жүгінетіндер аз емес. Тар қапастан босағандардың жұмысқа орналасуы үшін үкімет тарапынан арнайы әлеуметтік квота бөлінеді. Егер жеке кәсіпкер жазасын өтеп шыққандарды жұмыспен қамтамасыз етсе, ол азаматқа төленетін жалақының 50 пайызын мемлекет өтейді. Өмірде қия басып, түрмеге түскендерді түзету үшін осындай нақты шаралар бар. Нәтижесіз болмауы тиіс.
 Авторлары: Қорған Төреқожа, Наурыз Базаров, Асхат Қарақойшиев
Дереккөз: 24.kz

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<