Атырау облысы Жангелдин ауылында болған жағдайға байланысты отбасы мүшелерінің қашан өлтірілгені белгілі болды. Сот медициналық сараптамасында және тергеу барысында анықталған дәлелдерге сәйкес Наурыз Мұқанғалиевтің 2025 жылдың мамыр айында қайтыс болғаны анықталды. Ал қалған үшеуі қараша айында көз жұмған.
Атырау облысы прокурорының көмекшісі Жандар Болатбектің айтуынша, барлық жәбірленушінің денесінен ас үй пышағымен тесілген дене жарақаты анықталды. Жарақаттың саны алты және одан да көп. Кесілген және тесілген дене жарақаттары өлімге себеп болған.
4 азаматтың өліміне күдікті деп танылған Сұлтан Сарсемалиевке жүргізілген сараптаманың нәтижесінде оның ақыл-есі дұрыс екені белгілі болды. Ал оның әйелі Ақбаян Мұқанғалиеваның психикалық жай-күйіне тағайындалған сарапта әлі жүргізіліп жатыр. Ол қазір Алматы облысындағы арнайы орталықта жатыр.
- Ақбаян Мұқанғалиева қатысты қорытынды шыққан жоқ. Ол күдікті ретінде танылған. Бұлтартпау шарасы қабылданған жоқ. Іс-әрекеті сараланған жоқ. Сараптама бір ай көлемінде жүргізіледі. Ол уақыттан да ұзарып кетуі мүмкін, – деді облыс прокурорының көмекшісі Жандар Болатбек.
Қылмысты жасауға отбасылық жанжал себеп болған.
- Ақбаянның жақындары мен Сұлтан Сарсемалиевтің арасында кикілжің болған. Қазіргі уақытта бұл қылмысқа басқа тұлғалардың қатысы анықталған жоқ, – деді облыс прокурорының көмекшісі Жандар Болатбек.
Сұлтан Сарсемалиев желтоқсан айында шекара асып өткен. Яғни, қылмыс туралы хабарланған кезде ел аумағында болмаған.
- Шекарадан заңды өткен. Шекара қызметшілерінің тарапынан ешқандай заңбұзушылық анықталмады, – деп толықтырды прокуратура өкілі.
Айта кетейік, күдікті Сұлтан Сарсемалиевке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 99 бабы 2 бөлігінің 1 тармағына сәйкес, яғни екі және одан да көп адамдардың өлімі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Сондай-ақ мал сату, карталарды жымқыру сынды деректері бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188 және 190 бабы бойынша қосымша қылмыстық іс тіркелді.
Прокуратура өкілдерінің сөзінше, қылмыстық іс жан-жақты тергеп тексеріліп жатыр. Күдіктілердің іс-әрекетіне тағайындалған барлық сараптама қорытындысы шыққаннан кейін анықталған барлық мән-жай зерделеніп, құқықтық баға беріледі. Содан кейін ғана нақты айып тағылады. Әзірге істің сотқа қашан жіберілетіні белгісіз.
Наурыз айында айыпталушы сот санкциясымен екі айға қамауға алынған еді.
Еске салсақ, Жангелдин ауылында тұратын отбасы 2025 жылдың соңына белгісіз жағдайда жоғалып кеткен еді.
6 қаңтарда Атырау облысы аумағынан жоғалған отбасының екі мүшесінің — отағасы Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның денесі сарайдан табылды.
Кейін олардың денесінде пышақ іздері бары белгілі болды.
9 қаңтарда Атырау облысында отбасы мүшелерін өлтірді деген күдікке ілінген марқұмдардың күйеу баласы Сұлтан Сарсемалиев екені ресми түрде белгілі болды.
Сондай ақ жоғалған отбасы туралы тың деректерді әлеуметтік желі арқылы таратқан хакерге халықаралық іздеу жарияланған еді.
Қанды қылмысқа қатысы болуы мүмкін деген күдікке сол үйдің қызы да ілінді.
Күдіктілер ақпан айының соңында Индонезия Республикасының Ломбок аралындағы Сенару ауылында аса ауыр қылмыс жасады деп күдікке ілінгендер ұсталған еді.
Екі күдіктінің шетелде қалай ұсталғаны жөнінде видео жарияланды.
Бірнеше күннен кейін олар Атырау қаласына жеткізілді.
Кейін полиция Атырау облысы Жангелдин ауылында бүтін бір отбасыны өлтірді деген күдікке ілінген Сұлтан Сарсемалиевті ата-енесін өлтірген үйге апарды. Ол тергеушілерге қылмысты қалай жасағанын көрсетіп, сұрақтарға жауап берген.
Ішкі істер министрлігі жариялаған видеодан Сұлтан Сарсемалиевтің қалада жалдап тұрған үйінің іргесінен қазған шұңқырды көрсеткенін байқауға болады. 29 жастағы күдікті бұрынғы әйелінің ағасы Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалинаны сол жерге көміп кеткен.






