Ішкі істер министрлігі «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жүргізілген жедел іс-шаралар нәтижесінде екі өңірде есірткінің ірі партиялары тәркіленгенін мәлімдеді.
Ведомствоның дерегінше, сәуір айының екінші онкүндігінде заңсыз айналымнан жалпы саны 45 мыңнан астам бір реттік дозаға тең есірткі алынған.
– Абай облысында жедел ақпаратты тексеру барысында 21 жастағы жүргізуші ұсталды. Оның көлігін тексеру кезінде таратуға дайын 2 келіден астам гашиш майы анықталып, тәркіленді. Ұсталған азамат есірткіні интернет-дүкен кураторының нұсқауы бойынша таратқанын мойындады. Сонымен қатар елордада интернет-платформалар арқылы жұмыс істеген 26 жастағы әйел ұсталды. Жеке тінту және жалға алынған пәтерді тексеру кезінде салмағы 1 келіден асатын екі пакет синтетикалық “A-PVP” есірткісі, электронды таразылар мен 100-ден астам орау пакеттері тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Есірткі жеткізу арналары, таралу маршруттары және заңсыз қызметке байланысты қаржы ағындарының көздері анықталуда. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалған.
ІІМ мәліметінше, әрбір тоқтатылған есірткі тарату арнасы қоғам үшін қауіпті азайтуға бағытталған нақты нәтиже болып табылады. Ведомство есірткі желілеріне қарсы күресті жүйелі түрде жалғастыратынын атап өтті.






