Қазақстанда банктерден алынған мобильді аударымдар туралы деректерді салық органдары өңдеп жатыр.
Мәжіліс кулуарында Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов алғашқы салықтық хабарламалар азаматтарға мамыр айында жіберіле бастайтынын айтты. Сонымен қатар ол банктерден 15 сәуірге дейін түскен мәліметтер қазіргі уақытта талдау кезеңінде екенін атап өтті.
– Әзірге нақты қанша азаматтың аударымдары бақылауға алынғанын айту мүмкін емес. Себебі бір адамның деректері бірнеше банктен келуі мүмкін. Сол себепті ақпаратты толық талдап, санаттарға бөліп шығу қажет, – деді ол.
Вице-министрдің мәліметінше, деректер алдымен азаматтардың мәртебесіне қарай жіктеледі. Атап айтқанда, жеке кәсіпкер, өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлға, бейрезидент немесе өзге санаттағы салық төлеуші.
– Қорытынды жасауға әлі ерте. Мамыр айында ғана алғашқы хабарламалар жіберіле бастайды. Сол кезде нақты талдау нәтижесін көреміз, – деді ол.
Бұған дейін Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Қазақстанда мобильді аударымдарды тексеру нормасына қатысты түсінік берген еді.






