Семейде республикалық XXVII «Абай оқулары» байқауы қорытындыланды

5

0

Фото: Облыстық білім басқармасы

Ұлы ойшыл, ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлы мұрасын насихаттау, жас ұрпақтың рухани-адамгершілік құндылықтарын дамыту және әдебиетке деген қызығушылығын арттыру мақсатында дәстүрлі республикалық XXVII «Абай оқулары» шығармашылық конкурсы 21–24 маусым күндері ақынның туған жері – Семей қаласында өтті.

Еліміздің барлық өңірінен жиналған талантты оқушылар Абай шығармаларын жатқа оқу, ақын шәкірттерінің мұрасын дәріптеу, көркем сөз оқу және ғылыми-шығармашылық ізденістер бағытында өз білімдері мен өнерлерін ортаға салды.

Қызылорда облысының намысын қорғаған 6 оқушы байқаудың қорытынды кезеңінде жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, жүлделі нәтижелерге қол жеткізді.

Байқау қорытындысы бойынша Қазалы ауданының №170 мектептің 10-сынып оқушысы Жеңісбек Гүлназ «Сөз өнеріндегі ұлы Абай бейнесі» номинациясында Алтын медаль мен бағалы сыйлық – ноутбукты иеленді.

Сонымен қатар, Жалағаш ауданының №232 орта мектебінің 9-сынып оқушысы Қашақбай Кәусар «Абайдың ақын шәкірттері» номинациясы бойынша Қола медальмен марапатталды.

Ал Жалағаш ауданының №122 орта мектебінің 10-сынып оқушысы Тұрлыбай Ұлжан және Шиелі ауданының №251 орта мектебінің 10-сынып оқушысы Нұралықызы Іңкәр байқауды табысты аяқтап, Алғыс хаттарға ие болды.

Жас дарындардың бұл жетістігі – олардың қажырлы еңбегі мен ұстаздарының жүйелі жұмысының нәтижесі. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтап, алдағы білім мен өнер бәйгелерінде толағай табыстар тілейміз!

Қызылорда облысы білім басқармасының баспасөз қызметі