Балаңызға жаныңыз ашыса…

561

0

Кез келген саналы адамның тірі күнінде арғы өмір жайлы, бұл өмірге не үшін келгендігі жайлы, осынау ұшы-қиыры жоқ шексіз, шетсіз дүниенің мағынасын, маңызын іздеуі, осы тақырыптар турасында ойлануы – табиғи құбылыс. Сау ақыл иесі жасы ұлғая келе осы нәрселер жайында ізденіп, жауап тапқысы келеді. Ақын Шәкерім де: «Келдім қайдан? Қайтсем пайдам? Өлгеннен соң не болам?» – деп, өзінен кейінгі барша адамзат баласына үш-ақ сұрақ қойып кетті. Ақынның философиясы бойынша, егер осы үш сұраққа кім жауап бере алса, сол адамның жаны толық болмақ. Иә, адам баласы екі түрлі бөліктен құралады десек, бұл сұрақтарға тәннің қажеттіліктері сияқты материалдық заттармен жауап бере алмасымыз анық. Ендеше бұл сауалдарға жауапты тек руханияттан табамыз. Ал руханияттың негізінде, әрине, дін тұрады. Адам жаны – құбылмалы жаратылыс. Адамның тәні ашыққаны сияқты рухы, яғни жаны да ашығатыны – талассыз іс.

Хош, бұл тақырып әрбір саналы адамды толғандыратын болса, әрбір адамның жаны осы қажеттіліктерді талап ететін болса, сіздің үйіңізде тәрбиелеп отырған, өтпелі кезеңде жүрген жасөспірім балаңызды да бұл сұрақтар мазалауы бек мүмкін. Ал сіз қашан балаңызбен дін тақырыбында сөйлестіңіз? Қазіргі біз өмір сүріп жүрген қоғам – материалистік қоғам. Тиісінше, ата-ана да баласының, көбінесе, материалдық қажеттіліктерін ғана өтеуге тырысады. Тіпті кей ата-аналар баласымен мүлде сырласпайды. Бұл – қазіргі таңда қазақ отбасыларының арасында болып жатқан дүние. Осыдан кейін бала мұндай рухани сауалдарына сыртқы ортадан не әлеуметтік желіден жауап іздей бастайды. Оның салдарын күнделікті өмірде көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр. Ата-ананың бала тәрбиесінде жасаған салғырттығынан, баланың рухани әлеміне көңіл бөле бермейтіндігінен көп жастар, әсіресе, мектеп жасындағы жеткіншектер жат ағым жетегінде кетуде. Теріс жолда жүргендер үшін осындай буыны бекіп, бұғанасы қатпаған, оң-солын айыра алмайтын жас жеткіншектерді құрығына түсіру оңайға соғады. Тіпті балаларымыздың кішкентайынан смартфонға үңіліп, әлеуметтік желіде үздіксіз отырғаны да деструктивті діни ағымның арбауына еріп кетуіне себеп болып отыр. Баланың смартфоннан не қарап жүргенін ата-ана жиі қадағалап отырғаны дұрыс. Үлкендердің діни сауаты жоғары болмаса жеткіншектің бойына рухани имунитет қалыпстыра алмаймыз. Сондықтан әрбір әке-шеше діни сауатын арттырып,  баламен діни тақырыпта сөйлесуді дағдыға айналдырғаны жөн. Олай жасай алмаған жағдайда діни құндылықтарды бере алатын адаммен баланы достастыру керек. Мұнымен сіз балаңызды жат ағым жетегінде кетпейтіндей діни сауатты, жаны толық ұрпақ етіп өсіресіз. Міне, осылай ғана біз ұрпағымызды көлденең көк аттылардың жаман пиғылынан сақтап, қорғай аламыз.

Бақберген Сарсенбайұлы,

Қоғамдық даму басқармасының Дін мәселелерін

зерттеу орталығының маманы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<