Көптің көкейіндегіні айтты

332

0

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиында елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал сараланып, бірқатар сала сынға ілікті. Президент сынына ұшыраған саланың бірі – медицина. Әсіресе, міндетті әлеуметік медициналық сақтандыру жүйесінің жұмысына тоқталды.

– Медицина саласына бөлінген қаржы көлемі артқанымен, мұнда қордаланған мәселелер шешімін таппай отыр. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі тиімді болмады, нақты нәтиже жоқ. Үш миллионға жуық адам медициналық сақтандырудан тыс қалған. Соның кесірінен олар денсаулық сақтау саласындағы қызметтерді толық пайдалана алмайды, – деді Мемлекет басшысы.

Расында, медицина саласы үнемі Президент назарынан тыс қалған емес. Басты байлыққа балайтын денсаулық саласына жыл сайын қомақты қаржы қаралып келеді. Ең көп реформаға ұшыраған да осы – денсаулық саласы. Бірақ, Президент айтқандай, мәселелер шешілер емес. Сырқатына шипа таппай сандалған жұрттың шетел асуға асығатыны да сондықтан болса керек. Әлеуметтік желілерде де саулық сақшыларының науқасқа деген немқұрайлығына, қызметіне деген салғырттығына, саланың дәрменсіздігін айтып шағымданушылар  өте көп. Осының өзі бұл саладағы түйткілді мәселелердің шаш етектен екенін білдірсе керек. Адам болғасын ауырмай тұрмайсың. Өзім де солардың бірімін.  МӘМС жүйесі енгізілерде қуанып едік. Бірақ қуанышымыз көпке бармады. Әрине, аса қымбат құрылғыларға жарна төлеушілер тегін түседі. Бірақ соған жетудің өзі «мұң» екені жасырын емес. Мемлекет басшысы айтқандай, жүйені жетілдіру керек. Әйтпесе тұрғындар шағымы таусылмайды.

Президент денсаулық сақтау саласын цифрландыру жұмыстарына қатысты да сын айтты. Цифрландырудың қазіргі деңгейі дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп отырмағандығына тоқталды.

  • Денсаулық сақтау саласында 40-тан астам ақпараттық жүйе жұмыс істейді. Әр жүйенің өз кемшілігі бар. Министрлік болса, жауапкершіліктен қашып, нақты шешім қабылдамай отыр. Ал, мұның зардабын дәрігерлер мен азаматтар тартудда. Үкімет осы мәселені тез арада шешу керек, – деді Мемлекет басшысы.

Иә, қазір емханаға барсаң, дәрігерлер адамның бет-жүзіне қарамайды. Есесіне алдарындағы компьютерге үңіліп отырғаны. Осындайда «бұлар адамды тексеріп, қарамаса, ауруын қайдан біледі» деп таңғаласың. Айтпақшы, қажетті маманыңның алдына барудың өзі қиын қазір. «Damumed»  қосымшасы тек аймақтық дәрігердің қабылдауына жазылуға ғана жарап тұр. Ал қалған мамандарға жазылу мүмкін емес. Айта берсек, Президент айтқандай, кемшіліктер көп. Мемлекет басшысының сынынан кейін медицина саласында оң нәтиже шығар деген үміттеміз.

Бақыт Бекпанова,

қала тұрғыны.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<