Мал шаруашылығы саласы өркендеуде

492

0

Бүгінгі күні Арал ауданы әлеуметтік-экономикалық дамуы жағынан жоғары көрсеткіштерге ие. Ауданда ауыл шаруашылығы құрылымдарында 59 400 бас мүйізді ірі қара, 101 659 бас қой мен ешкі, (оның ішінде: қой 66412 бас, ешкі 35247 бас), 43969 бас жылқы, 35 489 бас түйе және 4 144 бас құс (тауық) бар.

Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ірі қара малы 108 пайызға, жылқы 111,7 пайызға, түйе 107,6 пайызға және құс 113,3 пайызға артты.

Ауданда мал шаруашылығынан алынатын өнім де көбеюде. Жыл басынан бері ет өндіру (тірілей салмақта) 3039,6 тонна, сүт өндіру (сиыр сүті) 7266,3 тонна, жұмыртқа өндіру 88,5 мың дана болып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ет өндіру 103,1 пайызға, сүт өндіру 103,0 пайызға, жұмыртқа өндіру 102,4 пайызға орындалды.

Әлімсақтан атакәсіппен айналысып, болмыс-бітімін мал шаруашылығымен байланыстырған ауданда мал бордақылау, қолдан ұрықтандыру сынды шаруа да оң нәтиже көрсетіп келеді. Былтыр ауданның бір шаруа қожалығы «Сыбаға» бағдарламасымен Ресейден 58 бас «Қалмақ» асылтұқымды ірі қара сатып алды. Тағы бір шаруашылық 44 бас асылтұқымды қазақтың ақбас сиыры тұқымын сатып алып, асыл тұқымды шаруашылықтар қатарын толықтыруда.

Қазіргі кезде, ауданда барлығы 14 шаруашылық (ірі қара – 7, жылқы – 4, қой – 2, түйе – 1) асылтұқымды мал өсіру бойынша жұмыс жасап келеді.

Сонымен бірге, Сыбаға бағдарламасы аясында ауданға 3750 бас қой сатып алу жоспары жасалды. Өткен жылы «Сыбаға» бағдарламасы аясында үш шаруашылық 841 бас қой сатып алу үшін 34,8 млн теңге несие алып, оған 541 бас асыл тұқымды және 300 бас тауарлы қой сатып алды. Биыл асылтұқымды қой өсіретін бір шаруашылық Түркістан облысының Сарыағаш ауданынан 10 бас асылтұқымды қошқар сатып алып, мал басын одан әрі асылдандыру бағытында жұмыстар жүргізуде.

Тұқымдық түрлендіруге биылға ішкі жоспар 9228 бас ірі қараны қатыстыру болатын, 3 510 бас аналық сиыр қатыстырылып отыр, орындалуы – 38 пайыз. Ал, жалпы компьютерлік базаға 8 251 бас ірі қара тіркелген.

Жалпы жоспар бойынша 369 бас асылтұқымды бұқа сатып алу межеленсе, одан бүгінгі күнге дейін 174 бас асылтұқымды бұқа тіркеліп, 47,1 пайызға орындалып отыр.

Былтыр Арал ауданының ауылшаруашылығы саласының 2022-2024 жылдарға арналған даму жоспары жасалып, бекітілді. Осы жоспарда 3 жылда мал шаруашылығына байланысты атқарылатын жұмыстар сараланып, онда мал бордақылау алаңын, мал сою пункті және ет өңдейтін цех салу, асылтұқымды мал сатып алу, бұқашықтарды бордақылау алаңына өткізу жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылатын болады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<