«Қарасора-2022»: 22 мың түп сора өсімдігі жойылды

518

0

Өздеріңізге белгілі, 1 маусым – 31 қазан аралығында «Қарасора-2022» кең ауқымды арнайы жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Бұл операцияны Ішкі істер министрлігі жыл сайын марихуана мен гашиш дайындалатын қарасораның пісіп-жетілуіне байланысты өткізіп келеді.

Атқарылған ауқымды іс-шаралар нәтижесінде облыстық полиция департаменті барлығы 121 есірткі құқық бұзушылығын анықтады. Оның ішінде есірткі өсірудің 55 дерегі, есірткі сатудың 12 дерегі, есірткіні аса ірі мөлшерде сақтаудың 14 дерегі, есірткі жарнамалаудың 2 дерегі анықталды.

Заңсыз айналымнан 72 келіге жуық марихуана және 501 грам синтетикалық есірткі заты тәркіленді.

– Есірткі өсірудің 18 дерегі далалық аймақтарда егіп-бапталған ірі есірткі алқаптары, ал 37-сі үй, бау-бақша, саяжай аулаларына егу дерегі анықталды. Оқиға орындарында 21 мың 910 түп сора өсімдігі жойылды. Жалпы 10 тоннаға дейін марихуана шикі өнімінің заңсыз айналымға түсуінің жолы кесілді. Есірткі өсірумен айналысқан 54 адам құрықталса, оның 16-ы қамаққа алынды, – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Іс-шара кезінде Қызылорда қаласына кіреберіс тас жолдарда жылжымалы мобильді бекеттер құрылып, бірқатар қызметкерлер жұмылдырылды. Бекеттерде автокөліктерді қызметтік іздестіру итінің көмегімен тексеру нәтижесінде есірткі тасымалдаудың 18 дерегі, оның ішінде Астана, Ақтөбе, Атырау қалаларына аса ірі мөлшерде тасымалдаудың 7 дерегі анықталды. Қазіргі уақытта да есірткі қылмыстарын анықтау мақсатында топтар құрылып, шолу жұмыстары жалғасуда.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<