Су тасқыны: Орал қаласында құм толтырылған 125 мың қапшық дайындалды

261

0

Фото: Орал қаласының әкімдігі

Батыс Қазақстан облысында Жайық өзенінің деңгейі көтерілу үстінде, деп хабарлады Қазақпарат.

«Қазгидромет» РМК БҚО филиалынан мәлім еткеніндей, 10 сәуір күнгі таңғы сағат 08.00-дегі мәлімет бойынша өзен деңгейі Орал қаласы тұсында 718 сантиметрге (тәуліктік өсім – 8 см) жетті. Сондай-ақ Көшім гидробекетінде 675 (+22), Тайпақта 390 (+17) сантиметрді көрсетті.

Облыста басқа барлық өзендердің деңгейі төмендеді.

«Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалынан алынған мәліметке қарағанда, Орынбор облысындағы Ирикла су қоймасынан Жайық өзеніне кешегідей, секундына 1 342 текше метр су жіберіліп жатыр. Биыл мұнда су жіберудің ең көп көлемі секундына 2 170 текше метрге жетсе, өткен жылы 15 текше метрден аспаған болатын.

Орал қаласы әкімдігінің хабарлауынша, шаһарда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланғаннан бері құзырлы мекемелер күшейтілген режимде жұмыс жасауда. Өзен жағалауын бекіту арнайы техникалардың көмегімен түнгі уақытта да жүргізілуде.

Полиция қызметкерлері тұрғындар эвакуацияланған саяжайларда кезекшілік ұйымдастырып, ұрлықты болдырмау үшін күні-түні күзетуде.

Асан маңындағы полигонда құм толтырылған қапшықтар үзіліссіз дайындалуда. Бұл жұмысқа қаладағы мемлекеттік және жекеменшік мекемелердің, әскери бөлімдердің, зауыт-кәсіпорындардың қызметкерлерімен қатар волонтерлар белсенді атсалысуда. Сонымен қатар облыс орталығы ғана емес, аудандардан келген волонтерлар су тасқынының алдын алуға үлес қосуда. Мәселен, кеше күндіз Тасқала, түнде Сырым ауданының еріктілері полигонда қапшықтар дайындады.

«Күні бүгінге дейін құм толтырылған 125 мың қапшық әзірленді. Тағы 80 мыңы дайындалып, Жайық өзені жағалауындағы қауіпті тұстарға төселеді. Өзен жайылмаларында орналасқан саяжай тұрғындарын эвакуациялық пункттерге жеткізуге 30 автобус бөлінді», – деді Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев.

«Апат айтып келмейді, Сырым ауданынан Орал қаласына жәрдемдесуге келіп жатырмыз. Спортшылар, мұғалімдер, тұрғындар көмек қолын созудамыз. Күш біріктірсек қана тасқын суға тосқауыл қоя аламыз», – деді Сырым ауданынан келген ерікті Ержан Шүкіров.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<